ҚАРАУСЫЗ БАЛАҒА ҚАУІП КӨП

Уақыты: 07.08.2024
Оқылды: 316
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жаз келгеннен көпшілік су айдындарына қарай ағылатыны белгілі. Олардың ішінде мас күйінде суға түсіп, соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жататын деректер де аз емес. Сондай-ақ, ата-анасына айтпай өзен-көлге тайып тұратын балалардың кейбірі суға кетіп жатады. Биыл шомылу маусымы басталғалы бері қандай жұмыстар істеліп жатыр, қанша адам құтқарылғанын білу мақсатында  Сарқан өңірінің жедел құтқару жасағының құтқарушысы Айбас Молтановпен әңгімелескен едік.


– Жаз басталғалы суға батты деген оқиғаларды жиі естиміз. Статистика не дейді? Былтырмен салыстырғанда биыл суға батқан адамдар саны азайды ма? 
– Қазір шомылу маусымының қызып тұрған шағы. Жаз айында біздің жұмыс қарбаласқа толы болады. Биыл жылдағы дәстүр бойынша ауыл-ауылды аралап, судағы қауіпсіздік тақырыбында түрлі шаралар өткіздік. Біз ғана емес, облыс бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді. Соның нәтижесінде облыс бойынша адам өлімі азайды. Сарқан ауданы Балқаш көлінде былтыр да, биыл да 1 адам суға батып кетті. Жалпы облыс бойынша былтыр 4 адам қаза тапса, биыл 2 азамат суға кетті. Десе де судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамай жүргендер азаяр емес. 

– Қандай заң бұзушылықтар жиі орын алады? 
– Шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түсетіндер азаяр емес. Сынап бағанасы көтерілген сайын «салқындаймын» деп жабайы жағажайларды жағалағандар уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тәртіп сақшыларымен бірге суға түсуге тыйым салынған жағажайларды жиі тексереміз. Қаншама шаралар өткізіп, ескерту қағаздарын таратсақ та ескертуді елемейтіндер көп. Құлақ аспағанның арты қайғылы оқиғамен аяқталып жатады. Иә, жабайы жерге суға түссеңіз ақша төлемейсіз. Бірақ, өміріңізге өте қауіпті. Себебі, онда құтқарушылар болмайды, судың асты тазаланбаған болуы мүмкін. Ең өзекті мәселе – ата-ананың қарауынсыз қалған балалар. Бұл жалғыз біздің өңірде ғана емес, аймағымызда күйіп тұрған тақырыптың бірі. Облыс бойынша отыздан астам адамға құқық бұзғаны үшін айыппұл салыныпты. Оның 10-ы баласын су жағалауында қараусыз қалдырған ата-ана. Балаларды қараусыз қалдырған ата-аналарға  ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 412-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынады. Біздің мақсат – айыппұл салу емес. Адам өмірін тілсіз жаудан арашалап қалу. Сондықтан, тұрғындарға, көлге келген демалушыларға балаларын қараусыз қалдырмауын, жабайы жерге суға түспеуін ескертеміз. 

– Сіздің аумақта қанша құтқарушы жұмыс істейді? Шомылу маусымы басталғалы бері қанша адам құтқарылды?
– Балқаш көлі жағажайында Сарқан өңірінің жедел құтқару жасағы орналасқан. Ол 1986 жылы құрылған. Бүгінде жедел құтқару жасағының құрамында 12 құтқарушы,  1 медбике жұмыс істейді. Біздің 5 автокөлік, 4 қайық және 1 кемеміз бар. Әр қызметкер  су астына түсетін арнайы құрылғымен қамтамасыз етілген. Жедел құтқарушы жасағында арнайы құрал-жабдықтар жеткілікті. Шомылу маусымы басталғалы бері  6 бала және 1 ер-азамат құтқарылды. Жалпы облыста 30-ға жуық адам құтқарылды.  

 – Судағы қауіпсіздік бойынша қандай шаралар атқарылып жатыр? 
– Судағы төтенше жағдайлар адамдардың құтқарушылар бақылауынсыз өткен демалысынан, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан, жеке демалыс орындары иелерінің судағы қауіпсіздік талаптарын орындамауынан, жүзе білмеуінен және балаларды ересек адамдардың бақылауынсыз қалдыруынан туындайды. Осыған орай, біз судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында түрлі шара өткіземіз. Әрине, көп шараны шомылу маусымы басталмай тұрып ұйымдастырамыз. Үй-үйді, білім ошақтарын аралап түсіндірме жүргіземіз. Мәселен, жазғы шомылу маусымына дайындық аясында Лепсі және Қарашыған ауылдық округтеріндегі білім беру ошақтарында 16 дәріс оқылып, 15 бейнефильм көрсетілді. Тұрғындармен 33 жиын ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. 1500-ден астам брошюра, 330 парақша және 1230 данаға жуық жадынама таратылды. 

– Суға шомылу кезінде адам қандай ережелерді ұстануы керек? 
–  Демалыс орындарына барсаңыз, ең бірінші, ресми рұқсаты бар жерлерде шомылу керек. Сонымен қатар, әрбір адам алғашқы медициналық көмек көрсету ережелерін білуі тиіс. Мас күйіңізде суға шомылмаңыз. Ішімдік мидың жұмысын нашарлатады. 10-15 минуттан артық суда жүруге болмайды және жүзіп келе жатқанда катерлер мен қайықтарға жақындамағаныңыз абзал. Сондай-ақ, белгісіз жерден секіріп сүңгімеңіздер. Шомылып жатқандарды суға батырып ойнауға және жалған сигнал беруге қатаң тыйым салынған. Су жағасында балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Үрлемелі матрастармен суға түскенде абайлап шомылыңыз! 
 – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айдар ҚАЛИЕВ