Жұрт ұйқыда жатқанда ел шетін кірпік қақпай күзететін шегарашылардың еңбегі ерлікпен пара-пар. ҚР ҰҚК шегара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінде отбасымен бірге шегара шебін шегендеп жүрген жандар жетерлік. Солардың қатарында бір үйдің екі ұлы – Диас пен Мирас Сейфульдиновтер бар.
Үйдің үлкені Диас «Күз – 2023» мерзімді әскери шақырылымының сарбазы. Қазіргі кезде «Достық» шегара бөлімінің «Сарыбөктер» шегара бөлімшесінде фельдшер лауазымында. Інісі Мирас болса Алакөл ауданы бойынша шегара басқармасының техникалық және кәсіби дайындық бөлімінің ант қабылдаған оқу орталығында Отан алдында серт берді. Қазіргі кезде тағдырын біржола шегараға арнауды ойлап жүрген сарбаз алғашқы әскери келісімшарт жасауға құжаттарын дайындауда.
Диас пен Мирастың ел шебін қорғау бала күнгі арманы. Себебі, олардың әкелері Асхат Сейфульдинов те шегарашы. Ол ҚР ҰҚК Әскери институтының 1998 жылғы түлегі. Офицер ҚР ҰҚК шегара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің байланыс және ақпараттық технологиялар бөлімінде қызмет атқарады.
– Шегара шебіндегі қызмет Отанымыздың берік қалқаны екенін сезіндіреді. Бізге еліміз асқан биік сенім артқанын бір сәт те естен шығармаймыз. Сондықтан мен де әкем мен ағам сияқты болғым келеді, – дейді жас сарбаз Мирас Сейфульдинов.
Күні-түні көз ілмей ел шебін күзеткен қызметкерлердің жұмысына табыс тілейміз. Отбасымен шегараны шегендеген жандардың мойнында зіл батпан жауапкершілік бар. Өйткені, олар елдің тыныштығын күзетіп, тәуелсіз мемлекеттің шегарасын қорғау деген қасиетті міндетті арқалап жүр.
ҚР ҰҚК шегара қызметі
Жетісу облыстық департаменті