Қарапайым халықтың құқықтық сауатының төмен екендігін пайдаланатын жылпостар аяқ астынан көпшіліктің қаражатын оп-оңай қолға түсіріп, бас пайдасына жаратып, бастапқыда бірінен алып, екіншісіне беріп жүріп, келе келе берешекке белшесінен батып, айыптылар орындығынан бірақ шығып жатқан оқиғаларды күнделікті кездестіріп жатамыз.
Өкініштісі сол, екі ортада адал ақшасынан айырылып, кімнен және қашан өндірерін білмей дал болып қалатын қарапайым халықтың жағдайы арқаңа аяздай батады. Қазіргі кезде алаяқтардың арбауына түсіп, айтқанын істеп, айдағанына көніп, тірнектеп тауып, жылдар бойы жиыстырған қыруар қаржыларынан әп-сәтте айырылып қалып жатқан немесе қарызға белшесінен батып, туыстарынан жинап, банктерден несие алып алаяқтың қолына ұстата салып, алданғандарын кейіннен біліп, алаяқтың үйіп-төгіп берген уәдесін орындамайтынына әбден көзі жеткен соң өз қолымен арам пиғылды адамның қолына санап берген қаржысын қайтара алмай, құқық қорғау орындарынан көмек сұрап, арыз жазып, сот табалдырығын тоздырып жүрген қарапайым халықты кездестіріп жүргеніміз үйреншікті көрініске айналған десек артық болмас. Солардың арасында алаяқтың арбауына, алдауына түсіп, орны толмас шығынға ұшырудың салдарынан отбасынан берекесі қашып, туыстарымен қарым-қатынасын үзіп, түрлі сырқаттарға шалдығып жатқандары қаншама десеңізші?! Әрине, сот үкімімен жәбірленушілерге келтірілген материалдық және моральдық шығын өндіріліп беріліп жатады. Алайда, жәбірленушілерді топ-тобымен алдап, торына түсірген алаяқтың солардың бәріне алған ақшасын қайтарып беруге шамасы келе ме жоқ па, басты мәселе осыда ғой.
Алаяқтық Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190 бабына сәйкес – бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену. Ол үшін қылмыскер алдау-арбау амалдарын қолданады немесе басқаның сеніміне кіріп алып, қастық жасайды. Алдану арқылы қылмыскер ақша, мүлік және т.б. бағалы затты өз еркімен берілуі қылмыстың ең негізгі және өзіне тән қасиеті саналады. Айналасындағы адамдарға алаяқ сырттай әдепті әрі адал болып көрінеді. Мұндай алдамшы көрініс алаяқтың көпшіліктің сеніміне оңай кіруіне септігін тигізеді. Алаяқтық қылмыстың көзі және басты мақсаты өзгенің ақшасына қол сұғушылық. Ақшаны заңсыз алу үшін қылмыскер әдетте болашақ жәбірленушіге шын мәнінде орын алған тәрізді оқиғалар мен жағдайлар туралы, немесе іс жүзінде орын алғанымен, бұрмаланған деректер туралы жалған мағлұматтар беріп, иландырады. Сондықтан әркім алаяқтың жымысқы әрекеттеріне алданып, опық жеп қалмас үшін міндетті түрде шешімді жеті рет өлшеп, бір рет кескені жөн. Өзіне қолайлы ұсыныс айтып тұрған адамның әрекеті заң тұрғысында бұрыс па, дұрыс па соған әбден көз жеткізіп алу керек.
Аида НҰРҒАЛИЕВА,
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісінің басшысы
Фото: omgpu.ru