ҚР ҰҚК шегара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты «Қорғас» шегара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі Жетісу облыстық филиалының төрағасы, толыстағы полковник Николай Мечетинмен кездесу өтті.
Шарада толыстағы полковник 1994 жылғы қыркүйек айында Тәжік – Ауған шегарасындағы қарулы қақтығыста қаза тапқан Раджан Батырхановтың ерлігі туралы әңгімеледі. Ардагердің айтуынша, мектепті бітіре сала әскер қатарына қабылданған оғлан 19 жаста ғана болыпты. Жастығына қарамай, қарулас достарын аман алып қалу үшін кеудесін оққа төсеп, сол жерде қаза табады. Жас өреннің қайтпас қайсарлығын жоғары бағалаған Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Раджанды І дәрежелі Спитамен орденімен марапаттайды.
Толыстағы полковник батырдың ерлігін айта отырып, шегара сақшыларын өз елінің патриоты болуға шақырды.
"Жетісу-Ақпарат"