Алматы облысы Талғар қаласында өлтірілген жасөспірімнің туыстары күдіктілердің барлығы бірдей ұсталмағанын айтты. Ал Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров кей тұлғалардың бұл іске қатысы бар-жоғы анықталып жатқанын айтты.
Полиция кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Полиция оқиғаға кінәлі барлық қатысушылар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді. Әзірге жеті адамның қатысы бар екені анықталды.
Шалқаров жәбірленуші тараптың қалған адамдарға қатысты уәждері негізінде тергеу аясында тексеру жүргізіліп жатқанын айтты.
"Қазір олардың әрқайсысына құқықтық баға беріледі. Оның ішінде бейнебақылау камераларының жазбалары да зерттеліп жатыр. Тергеу барысы Ішкі істер министрінің арнайы бақылауында", – деді ол.
Құқық қорғау органдары да тергеу барысы туралы жәбірленушінің туыстарын хабардар етіп жатқанын айтты. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді.
Айта кетейік, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан жасөспірім көз жұмған еді. Кейіннен жағдайдың мән-жайы анықталды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкенде басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осыдан кейін төбелес басталған.