"Өзіне қатысы бар компанияға сенімгерлік басқаруға берді": Антикор Бағдат Қарасаевқа қандай айып тағылғанын айтты

Уақыты: 09.10.2024
Оқылды: 285
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы Іле ауданы әкімі Бағдат Қарасаевқа қандай айып тағылғанын айтты.


Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Stan.kz ақпарат агенттігі дерегіне жүгіне отырып хабарлайды. 

Антикордың ресми өкілі Данияр Бигайдаров баспасөз мәслихаты кезінде Іле ауданы әкімінің не себепті қамауға алынғанын түсіндірді. 

“Іле ауданының әкімі лауазымын асыра пайдаланып, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын өрт қауіпсіздік ережесін бұза отырып, санитарлық-эпидемиологиялық органның рұқсатынсыз өзіне қатысы бар компанияға сенімгерлік басқаруға берді деп айыпталды. Сонымен қатар сенімгерлік басқару уақытын заңсыз ұзартты деп айыпталды”, – деді ол.

Антикор мәліметінше, Іле ауданы әкімі бұл қылмысқа аудандық әкімдіктің бөлім басшыларын, тұрмыстық-коммуналдық үй басқармасының басшыларын тартқан. 

“Полигонда қатты тұрмыстық қалдықты жою жұмыстары жүргізілмеген. Ал полигоннан түскен пайда оның жеке қажеттіліктеріне жұмсалған. Салдарынан аймақ экологиясына 204 миллион теңге шығын келді”, – деді Бигайдаров.

Еске салайық, Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаевтың ұсталғаны 4 қыркүйекте белгілі болған еді. Ол ауданды 2018 жылдан бері басқарған. 

 

Фото: gov.kz