ЕЛ ҚОРҒАНЫ - ЕР АМАНАТЫ

Уақыты: 24.11.2024
Оқылды: 379
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қоғам тыныштығын сақтап, ел қауіпсіздігінің қалқаны болған Ұлттық ұлан сарбаздары әділдік пен тәртіптің күзетінде қалтқысыз қызмет етіп келеді. Осыған орай үлкен жауапкершілікті арқалап, темірдей тәртіпке бағынған сарбаздың бір күндік Отан алдындағы қызметі қалай өтетінін білу үшін Талдықорғандағы ҚР Ұлттық ұланы №5514 әскери бөліміне бардық.


Бөлім Талдықорғанда 2001 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен құрылған. Кезекші бөлімге барып, рұқсатымызды алып ішке ендік. Аядай ғана бөлмеде шырылдаған қоңырауға жауап беріп отырған кезекші қызметкер. Аулада арнайы киім киген сарбаздар. Барлығы тәртіппен. Басшылықтың рұқсатымен сарбаздармен жолығып, Отан алдындағы борышын қалай өтеп жатқанын сұрап-білдік. 

Бір байқағанымыз, Алаштың айбынды сарбаздарына барлық мүмкіндік жасалыпты. Әскери бөлім заманға сай қарумен, автомобиль техникасымен, байланыс құралдарымен жабдықталған. 2002 жылдан бастап бөлім сарбаздары қала көшелерінде 56 патрульдік бағытта қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жауынгерлік қызмет атқарады екен. 

Аталмыш әскери бөлімде 350-ге жуық сарбаз бар. Оның тең жартысы жаздық шақырылыммен келгендер болса, қалғаны былтырғы қысқы шақырылымның сардарлары. Ұлттық ұланға алғаш келген сарбаз Әскери ант қабылдайтын күнге дейін әскери өмірге бейімделеді. Атап айтсақ, жеке құрамның қатарына қосылған сарбаздар жауынгерлік даярлық сабақтары, әскери қызмет міндеттерін орындау және жалпы әскери Жарғылардың қағидаларынан тәлім алады.

Отан алдындағы борышын өтеп жүргендердің бірі – қатардағы жауынгерлер Исмаил мен Ислам Тілепов. Екеуі де 18 жасқа тола салысымен Отан алдындағы борышымызды өтейміз деп әскерге аттаныпты. Алматы қаласынан келген егіздер 223-ші шақырылымның сарбазы. Сарбаздардың үйлеріне қайтуына 1 айға жуық уақыт қалыпты. Әскери салаға әбден төселген ұландар өздерінің қызметі қалай өтіп жатқаны жайлы әңгімелеп берді. 

– ҚР Ұлттық ұланы №5514 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышымды өтеп жүрмін. Біз сәрсенбіден сенбіге дейін таңғы сағат 6-да, қалған күндері таңғы сағат 8-де тұрамыз. Жәй тұруымыздың себебі, біз арнайы жасақпен қалаға күзетке шығамыз. Біз келіп, жатамыз дегенше түнгі сағат 12 болады. Күнімнің басы таңғы жаттығудан басталады. Содан кейін беті-қолымызды жуып, төсек-орнымызды ретке келтіреміз. Таңғы астан кейін әскери киімдерімізді дайындаймыз. Қаруларды тазалаймыз. Түскі астан кейін тексерістен өтіп, 3 әскери жасақтан бөлініп, өз бағытымыз бойынша қалаға қызметке шығамыз. Қызмет барысында бізді бір сағатта 2-3 рет тексеруге келеді. Түнгі сағат 11-де барлығымыз бір жерге жиналып, қорытынды талқылау болады, – дейді Ислам Ануарұлы.

Көше тәртібін қадағалайтын Ұлттық ұлан сарбаздарының қызметінде түрлі оқиғалар кездесіп жатады. Сарбаз Исмаил Тілепов өз тәжірибесінде 2 рет тәртіп бұзған бұзақыны ұстағанын айтты. 

– Қызметіміз қаланы бекітілген бағытта аралап, тәртібін қадағалау. Сағат 17.00-ден 23.00-ге дейін қала көшелерінің тыныштығын күзетеміз. Қызмет барысында 440 баппен көшеде құқық бұзған адамды және құжатсыз қару-жарақпен жүрген азаматты ұстаған кезіміз болды. Құқық бұзғандарды ұстап, полиция қызметкерлеріне табыстадық, – дейді ол.

Егіздер әскери бөлімде сарбаз-аспаз қызметін атқарады. Екеуі әскерге келмей тұрып фасфут өнімдерін дайындаумен айналысыпты. Сарбаздар полигонға шыққанда егіздер әрқайсына 80 литр су сиятын 4 «КП-130» аппаратына тамақ әзірлейді екен. Исмаил мен Исламның арманы үйіне оралған соң дәмхана ашып, жеке кәсіптерін дамыту. 

Отан алдындағы борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгердің бірі – Ілияс Марсиянов. Алма-ты қаласынан келген ол әскер өмірі өзін жауапкершілікке үйрететінін жеткізді.

 – Әскерде үлкен өмір мектебінен өттім деп ойлаймын. Әсіресе, тазалық, тәртіпке үйрендік. Мұнда бізге бар жағдай жасалған. Тамағымыз уақытылы беріледі. Айлық төленеді. Жексенбі күні таксафонмен үй ішімізбен сөйлесеміз, сан түрлі эстафеталардан жарысып, киноға, саябақ және қала музейлеріне барамыз, – дейді сарбаз.

P.S. Зор жауапкершілікті арқалаған әскери қызметкерлер мен сарбаздардың қызыққа толы жұмысы бізді таңдандырды. Ұлттық ұлан әскери бөлімін аралап, Отан алдындағы борышын жауапкершілікпен атқарып, қаншама халықтың тыныштығына жауапты сарбаздардың жұмысы нағыз ерлік деп ой түйіп қайттық. Ал 223-ші шақырылым сарбаздары арнайы байланыс құралдары, кісен мен ысқырығын алып, қызметіне шықты.