5 желтоқсан күні Қазақстан адвокатурасы өзінің кәсіби мерекесін биыл екінші рет атап өткелі отыр. 2023 жылы 3 шілдеде өткен Астана форумында Қазақстан адвокатурасының қызметін одан әрі дамытуға арналған бағдарлама қабылданып, «Адвокаттар күнін» тағайындау керектігі айтылған болатын. Осыған орай республикалық Заңгерлер алқасы мереке күнін 5 желтоқсан деп белгілеуді ұсынды. Өйткені, 1997 жылы дәл осы күні «Адвокаттық қызмет туралы» заң қабылданған. Сол арқылы ел тарихында тұңғыш рет адвокатураның нормативтік құқықтық негіздері реттеліп, қабылданды. Сөйтіп, республикалық адвокаттар алқасы және Әділет министрлігінің қолдауымен, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен адвокаттардың кәсіби мерекесі 5-ші желтоқсан болып тағайындалды.
Біздің дәуірімізге дейінгі ертедегі Грекия, Рим империясында азаматтық қоғам қалыптаса бастады. Осыған орай салт-дәстүрдің орнына «адамдардың құқығы» деген ұғым еніп, халықтың құқығын қорғайтын заңдар шығарылды. Осылайша Афиныда «Солон» заңы, Римде «XII таблица» заңы пайда болды. Осы заңдарға сүйеніп, сот алдында дауларды шешу кезінде «адвокаттар» адамдардың құқығын қорғайтын болған. Еліміздегі адвокатураның пайда болуы патшалық Ресейдегі сот жүйесінің қалыптасуына байланысты өрбіді. XVIII-XIX ғасырда өмір сүрген Ф. Плевако, А. Кони, В. Спасович, А. Урусов, С. Неклюдов секілді демократиялық бағыт ұстаған адвокаттар құқық қорғау саласында елеулі із қалдырып, адвокатураның дамуына үлес қосты.
Ал, Қазақстанда «адвокат» деген терминге ұқсас қызметті жекелеген адамдар атқарып отырған. Орта ғасырдағы хандық дәуірде қазіргі сот билігін жүргізген билер институты өз міндетін адал атқарды. Сол кезеңде ел билеген хандар шығарған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдарын басшылыққа алып, шешім шығарған билерге дау тудырған тараптың немесе жауапқа тартылғанның уәжін жеткізу үшін ел арасында танымал, мәселені тіл байлығымен ашып көрсете алатын шешендер немесе көрегендігімен, әділдігімен көзге түскен адамдар жазықсыз жапа тартқан жандардың мұң-мұқтажын көпке жеткізген. Олардың уәжін билер әрқашан ескерген. Яғни, бұл тәжірибе қазіргі адвокатураның рөлін атқарған десе де болады.
Кеңес кезеңіндегі адвокаттық қызмет коммунистік идеологияға байланысты жұмыс істегендіктен сот және прокуратура органдары қатарында мемлекеттік биліктің ықпалында болды. 1922 жылдың 26-шы мамырында қабылданған алғашқы адвокатура туралы қаулыға орай Кеңес Одағының адвокаттары азаматтық, қылмыстық істер бойынша азаматтарға заңгерлік көмек көрсетіп, құқық қорғауға мүмкіндік алды. Кейін Қазақ- станда республикалық, облыстық, аудандық заң кеңестері құрылып, білікті мамандармен толықты.
Еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылы Қазақстанда тұңғыш рет ұлттық дәрежеде адвокатураның негізі қаланып, құқықтары мен міндеттері белгіленді. Ал, Конституцияның 1-ші бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандығы» деп көрсетілді.
ҚР Конституциясының 13-ші бабына сәйкес әрбір азамат білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Сондай-ақ, Ата Заңның 16 бабында: «Ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбір адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалануға құқылы» – деп жазылған. Ал, ҚР «Адвокаттық қызмет туралы» Заңының 31-ші бабына сәйкес адвокат азаматтардың құқығы мен бостандығын сот алдында қорғап қана қоймай, тараптардың мәселені татуласу арқылы шешілуіне әрекет етуі қажет.
Өз Жолдауында адвокаттардың қызметін еске алып отыратын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 25 ақпанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында: «Құқықтық мемлекет құру тәуелсіз және білікті адвокаттарсыз мүмкін емес. Мемлекеттік аппараттың жұмысы, тәуелсіз, кәсіби заңгерлердің азаматтар мен заңды тұлғаларды қорғаудың нәтижесінде өз жемісін беретіні хақ және олардың көмегімен кәсіпкерлер мен инвесторлар да өз қызметтерін жандандыруға ұмтылатыны сөзсіз. Сондықтан біздің елімізде адвокатураның рөлі жоғары болуы шарт» – деп көрсеткені белгілі.
ҚР Президентінің 2022 жылы 3 мамырдағы №887 Жарлығымен жаңадан Жетісу облысы құрылуы және облыс орталығы Талдықорған қаласы болып бекітілуіне байланысты сол жылы 16-шы маусымда Жетісу облыстық адвокаттар ұжымы қалыптасып, мемлекеттік тіркеуден өтті. Бүгінде ұжымда 130 адвокат бар. Олардың бәрі жоғары білімді, тиісті тағылымдамадан өткен, кәсіби біліктілігі жеткілікті, жауапкершілікті мойнына алған құқық қорғаушы ретінде қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерге қатысып, заңды және әділетті шешім қабылдануға ықпал етіп келеді. Сонымен қатар, күнделікті ауызша немесе жазбаша түсініктер беріп, басқа мемлекеттік органдарға азаматтардың атынан арыздар жолдауға көмектеседі.
Осы уақыт аралығында Жетісу облыстық адвокаттар төрайымы Данипа Әділбекованың қолдауымен мүгедектер үйіне қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, материалдық қолдау көрсетіп келеді. Осының өзі облыстық адвокаттар ұйымының қоғамға белсенділікпен қатысып отырғанын көрсетсе керек.
Құрметті әріптестер, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Әрқашанда азаматтар мен заңды тұлғалардың құқығын қорғауда білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізді қолданып, адал қызмет биігінен көрінуге, әділдікті дәлелдеу үшін күш-қуаттарыңыз жеткілікті болуына тілек білдіремін! Бәріңізге мықты денсаулық, отбасы бақытын, кәсіптеріңізге жетістік және табыс тілеймін!
Қожаберген ДӘУРЕНБЕКОВ,
Жетісу облыстық адвокаттар ұжымының адвокаты