Ер есімі – ел есінде

Уақыты: 29.11.2024
Оқылды: 265
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры, публицист, Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай Алматы гарнизонының әскери прокуратурасы қызметкерлері Алматы қаласында орналасқан аңыз адамның зиратына барып, гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, үнсіздікпен еске алды.

Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысының Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта дүниеге келген. Ол ата-анасынан ерте айырылып, балалар үйінде тәрбиеленді. Ұлы Отан соғысы майданына Рахымжан 18 жасында аттанып, Одер мен Шпрее өзендерін басып алуға қатысқан. Берлин үшін шайқаста Рақымжан мен оның взводтары ең бірінші қатарда орналасты.

Олар алдымен Корольдік алаңға, «Гиммлер үйіне» жетеді. Мұнда лейтенант Қошқарбаевқа тарихи маңызы бар – Рейхстаг ғимаратының үстіне Қызыл Туды көтеру туралы бұйрық беріледі. «Гиммлер үйінен» Рейхстагқа дейінгі қашықтық бар болғаны 360 м. Сол қашықтықты өтіп, 30 сәуір күні, сағат 18:30-да Рейхстагтың алдына Қызыл Ту тікті. Р.Қошқарбаев Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, Жауынгерлік Қызыл Ту (Рейхстагқа туды тіккені үшін) және «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваның азаттығы үшін» медальдарымен марапатталған.   Рақымжан Қошқарбаев 1988 жылдың 10 тамызында дүниеден өтті. Араға он бір жыл салып, 1999 жылы оған Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы берілді. Соғыстан кейін Рақымжан Қошқарбаев Алматы қаласы Халық депутаттары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ол соғыс ардагерлері комитеті мен кеңестік-германдық достық қоғамының Қазақ бөлімшесі төралқасының мүшесі болды. Соғыстағы естеліктері туралы екі кітап жазды: «Жеңіс туы» және «Дауыл: 1410 күн» деректі повесі. Биыл Рақымжан Қошқарбаевқа 100 жыл толар еді. Бұл тарихи оқиға ұлт тарихында елеулі орын алған тұлғаның ерлігі мен оның елге сіңірген еңбегін еске алуға, ұрпаққа өнеге етуге арналған. Рақымжан Қошқарбаев есімі ұлт мақтанышы болып қана қоймай, ел қорғаудағы адалдық пен батылдықтың символына айналды.

Бүгінгі таңда Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығы – Қазақстан халқы үшін үлкен тарихи оқиға. Бұл мерейтой арқылы елдің жастары оның өмір жолын, ерлігін үлгі тұтады. Рақымжан Қошқарбаевтың есімі ел тарихында мәңгілікке сақталады. Оның батырлығы тек Жеңіс туын тігумен шектелмейді. Ол Отанды сүюдің, жауға қарсы тұрудың, қайсарлық пен табандылықтың шынайы үлгісін көрсетті. Бүгінде батырдың есімі еліміздегі көптеген оқу орындары мен көшелерге берілген, ал оның ерлігі туралы жазылған шығармалар мен естеліктер жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Рақымжан Қошқарбаевтың өмір жолы мен ерлігі – Қазақстанның тәуелсіздігі мен тыныштығын сақтауға, елдің болашағын қорғауға бағытталған жас ұрпаққа аманат. Оның ерлігі уақыт өткен сайын ел жадында жаңғыра түседі, ал оның есімі мәңгі есте сақталады.

"Жетісу-Ақпарат"