“Үш күн бойы жұмысқа келмеген”. Жетісу облысында білім бөлімінің басшысы қамауға алынды

Уақыты: 05.12.2024
Оқылды: 3712
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облысы Ескелді ауданының білім бөлімінің басшысы Мұрат Бектуров қамауға алынды.

Бұл туралы ақпарат Instagram әлеуметтік желісінде тарап кеткен. Оқиға 2024 жылдың қараша айында орын алғаны анықталды. Әзірге шенеунікке қандай айып тағылғаны ресми түрде хабарланбағанымен, желідегі бейресми мәліметтерге сәйкес, ол 2 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінген.

Жетісу облысының білім басқармасы бұл оқиға туралы Instagram арқылы естіп, Мұрат Бектуровты қызметінен шеттету жөнінде шешім қабылдаған.

Stan.kz мәлімдеуінше, басқарма басшысының орынбасары Әли Солтанбеков шенеунік бірнеше күн бойы жұмыс орнында болмағанын айтқан.

«Үш күн қатарынан оның жұмысқа келмеуін тексеріп, акт толтырдық. Кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке хат жіберіп, оның қамауға алынғанын анықтадық», – дейді ол.

Мұрат Бектуров бұл қызметті 2019 жылдан бері атқарып келген. Бұған дейін, 2014-2019 жылдары Ескелді ауданының ішкі саясат бөлімін басқарған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Алайда облыстық соттың баспасөз қызметі қылмыстық іс бойынша толық мәлімет жария етілмейтінін хабарлады.

Фото: Жетісу облысының білім басқармасы