Бүгін Талдықорған қаласында Шерзат Полаттың қазасына қатысты іс бойынша соттың алдын ала тыңдауы басталады. 16 жастағы жасөспірім былтыр қазан айында Талғар қаласында кісі қолынан қаза болды.
Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы kursiv.media сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Істі Алматы облысының соты қарап жатқанымен, алдын ала сот тыңдауы Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ғимаратында өтеді. Жоғарғы сот мұның себебін істегі тоғыз айыпталушының (тергеу барысында барлығы 11 күдікті ұсталған) Талдықорғандағы тергеу изоляторында отырғанымен түсіндірді.
Сот отырысы бейсенбі күні түскі сағат 12.00-де басталады. Шерзаттың соты ашық өтеді.
Істі судья Е.С. Жанұзақов қарайды.
«Адам өлтіру», «бұзақылық», «қорқыту» және «қылмыс туралы хабар бермеу» фактілері бойынша қозғалған қылмыстық істерді Алматы облысының полициясы тергеді. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Оның ішінде 40 сот сараптамасы, 200-ге жуық куәгердің жауабы бар. Іске қосымша сегіз видеоматериал тіркелген.
Жәбірленуші тараптың мүддесін сотта адвокат Мейірман Шекеевтің кеңсесі қорғайды. Оған Жандос Палманов, Әлім Мұстафаев, Дина Досаева, Нұрболат Ыбраев, Бағдат Амандосұлы және Бекзат Мязов сынды адвокаттар көмектеседі.
Коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов