Бүгін Талдықорған қаласында Шерзат Полаттың қазасына қатысты сот ашық өтіп жатыр, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.
Іс Алматы облыстық сотында қаралып жатқанымен, алдын ала тыңдау Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтуде. Жоғарғы сот бұл шешімді айыпталушылардың көпшілігі – нақтырақ айтқанда тоғыз адам Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторында қамауда отырғанымен түсіндірді. Тергеу барысында жалпы 11 күдікті ұсталған болатын.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың 4 қазанында Талғарда болған қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. 16 жастағы Шерзат Полат дүкен маңында болған төбелес кезінде қаза тапты. Оқиғадан кейін бір апта өткен соң, оның отбасының үйі өртеніп, желтоқсан айында Шерзаттың 30 жастағы ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Полицияның мәліметінше, ол жиенін қорғай алмағаны үшін өзін-өзі өлтірген.
Істі судья Е.С. Жанұзақов жүргізеді.
«Адам өлтіру», «бұзақылық», «қорқыту» және «қылмыс туралы хабарламау» баптары бойынша қозғалған қылмыстық істерді Алматы облысының полиция департаменті тергеген. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Іс материалдарында 40 сот сараптамасы, шамамен 200 куәгердің жауабы және қосымша сегіз бейнематериал қамтылған.
Жәбірленуші тараптың мүддесін сотта адвокат Мейірман Шекеевтің заң кеңсесі қорғайды. Қорғау тобына Жандос Палманов, Әлім Мұстафаев, Дина Досаева, Нұрболат Ыбраев, Бағдат Амандосұлы және Бекзат Мязов есімді адвокаттар кірген.
Фото: Дастанбек Садық