Черногорияда Дина Таңсәрі ұсталды: Қазақстанға экстрадиция мәселесі қаралуда

Уақыты: 15.04.2025
Оқылды: 247
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Черногория астанасы Подгорицада «НеМолчи.kz» қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Дина Таңсәрі ұсталды. Бұл ақпарат қордың ресми Instagram парақшасында жарияланды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Белсендінің айтуынша, ол қазіргі уақытта жергілікті полиция бөлімшесінде отыр. Өзінің бейнеүндеуі арқылы ол сот отырысы өтетінін және онда Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қаралатынын хабарлады.

Айта кетейік, Дина Таңсәрі 2021 жылдан бері шетелде тұрып келеді. 2023 жылдың соңында Қазақстан тарапы оған халықаралық іздеу жариялаған болатын.

Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Таңсәріге қатысты бірнеше бап бойынша күдік бар. Атап айтқанда, көрінеу жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қолсұғушылық және алаяқтық фактілері бойынша тергеу жүргізілуде.

Оқиғаның әрі қарайғы дамуы қоғам мен құқық қорғау ұйымдарының назарында болмақ.

Фото:@dinatansari