БЛОК-БЕКЕТТЕРДІ АЙНАЛЫП ӨТПЕК БОЛҒАН 12 АДАМ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 26.03.2020
Оқылды: 1033
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Бір тәулікте Алматы облысындағы блок-бекеттерде төтенше жағдай режимін бұзған 12 адам ұсталды.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің "Қазақпаратқа" берген мәліметінше, 12 құқықбұзушы өткен тәулікте Алматы қаласына іргелес бекетте ұсталған. Олардың ішінде айналма жолмен өтуге тырысқан азаматтар да бар. Олар бірден анықталды.

- Азаматтар бұрынғысынша арнайы блок-бекеттерді түрлі амал арқылы айналып өтуге тырысуда. Бұл ретте олар агрессия, қарсылық және полиция өкілдерінің заңды талаптарына бағынбауға дейінгі сан қилы тәсілдерді қолдануда. Алайда төтенше жағдай режимін бұзу немесе төтенше жағдайдың жариялануына байланысты талаптарды орындамау 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе 15 тәулікке дейін қамауға әкеп соғады. Бұдан өзге, төтенше жағдай жарияланған аумақта билік өкілінің заңды талабына немесе өкіміне бағынбаған азаматтарға 2000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе алты жүз сағатқа дейін түзеу жұмыстары, не сол мөлшерде қоғамдық жұмыстарға тарту, не екі жылға дейін бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, - деді Алматы облысы Іле аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Марат Күштібаев.

Ұсталған азаматтардың барлығы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазір таңда заңға бағынбағандар 5-8 тәулік аралығында қамалады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды