КОРОНАВИРУС: ДЕНЕ ҚЫЗУЫ ЖОҒАРЫ АДАМДАР ТАЛДЫҚОРҒАНҒА КІРГІЗІЛМЕЙДІ

Уақыты: 27.03.2020
Оқылды: 1523
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

"Сақтықта қорлық жоқ". Осы негізде сақтық шараларын күшейткен Алматы облысының әкімдігі жалпы аумақта 20 бекет орнатқан еді. Соның төртеуі облыс орталығына кіретін төрт жолдың бойында тұр. Талдықорған қаласындағы 4 санитарлық бекеттің жұмысы қалай жүріп жатыр? Осы сұраққа жауап іздеген "Жетісу" газетінің журналистері аталған төрт бекеттің жұмысымен танысып қайтты.

Алдымен Талдықорған – Алматы тасжолының бойында орналасқан бекетке бардық. Ол жерде тәулік бойы қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген 4 мейірбике мен жол-патрульдік полиция қызметкерлері жүр. Әр көлікті тоқтатқан полиция қызметкерлері облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандарына жүргізушілер мен жолаушыларды медициналық тексеруден өткізуге мүмкіндік беруде.

– Күнделікті ақпаратты жазып, басшылыққа есеп беріп отырамыз. Кезекшілік қойылған. Мысалы, таңғы сағат 9.00-ден кешкі 21.00-ге дейін мен кезекшілік етсем, кешкі уақытқа басқа қызметкер кезекшілікке шығады. Мереке күндері көлік аз болды. Бүгін жұмыс күні болғандықтан көлік те көп. Нәтижесінде, кептеліс те орын алуда. Бірақ бұл тек таңертеңгі жағдай, – деген Талдықорған қалалық жол-патрульдік полициясының инспекторы Абылай Саматұлының айтуынша, бір сағаттың ішінде 1000-ға жуық көлік өткен. Басым көпшілігі қалада қызмет ететін Бақтыбай, Н.Алдабергенов, Балпық би ауылдарының тұрғындары.

Ең алдымен сыпайы түрде аты-жөндерін таныстырып, қай жақтан келе жатқанын сұрайды. Содан кейін барып мейірбикелер тепловизор арқылы дене қызуын өлшейді. Автобустар кептеліс туғызбас үшін жол жиегіне бөлек тоқтатылады. Өйткені, оның ішінде 10-нан көп жолаушы болады. Әрқайсысының дене қызуын тексеріп шығады. Дене қызуы 37 градустан жоғары болса, «Жедел жәрдем» көлігін шақыртып, тұрғынды емханаға апарады.

Егер шалғай өңір мен қалалардан келсе, жеке куәлігі бойынша ақпарат пен байланыс нөмірлерін жазып алады. Түсіндірме қағаздарын да қолдарына ұстатады.

Ендігі бағытты Қаратал ауданынан кіреберісте, Үштөбе жолында орын алған бекетке бұрдық. Талдықорған қалалық емханасының учаскелік медбикесі Сәния Естебаеваның сөзіне сүйенсек, осы уақытқа дейін дене қызуы жоғары жан тіркелмеген. Орта есеппен күніне 1182 көлік, 3400-ден аса тұрғын Талдықорғанға кірген. Олардың арасында іргеміздегі Қарабұлақ ауылынан бастап Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына шейін бар.

Ескелді ауданы, Қарабұлақ бағытында орналастырған санитарлық бекетте орта есеппен күніне 3000-нан аса адам өтсе, Үшарал жолы бойында тұрған бекет арқылы шамамен 2500 адам кірген. Әуежайға жақын маңда орналасқан соңғы бекетте наурыздың 25-і күні таңғы 8-ден кешкі 20.00 аралығында 1088 адам өткен.

– Басқа аудан, облыстан келгендерді бірден тіркеп, мәліметтерді алып қаламыз. Содан кейін барып ақпаратты жергілікті учаскелік қызметкерге өткіземіз. Ол сол адамды өз бақылауына алады. Біздің басты міндетіміз – азаматтардың денсаулығын қорғау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта бақылау бекетіндегі жағдай бірқалыпты, екі бағыттан да кіруге және шығуға тыйым салынбаған. Коронавирустық инфекция белгілері бар жағдайлар тіркелген жоқ, – дейді полиция капитаны Аслан Ибраимов. Оның айтуынша, Алматы, Шымкент, Өскемен қалаларының жолаушылары да өтеді. Бірақ барлығының жағдайы бірқалыпты.

Айта кетерлігі, санитарлық бекетке бекітілген мамандар ешқайда кете алмайды. Бірнеше асханамен келісімге отырған. Аспазшылар уақытылы тамағын дайындап, алып келеді. Күніне екі уақыт бекет іші және қызметтік көліктер дезинфекцияланады. Мамандар арнайы киім, қолғап, медициналық бетпердемен жүр. Тұрғындарға арналып ішінде дезинфекция құралдары да орнатылған.

P.S: Өкініштісі, кей жандар індеттің барына әлі сенбейтін сияқты. Мысалы, бекеттің бірінде тоқтатылған көлік жүргізушісі асыққаны сонша, қойылған сұрақтың өзіне мардымсыз жауап қатты. Жүргізушілер арасында ашулы дауыспен: «Қызуы көтеріліп, тұмаумен ауырған адамды коронавирус деп ауруханаға жатқыза ма?! Бостан-босқа көлік кептелісін туғызып... Өте алмай тұрғаныма 30 минут болды», - деп күйіп-піскендер де кездесті. Әрине, ұят жағдай. Әркімнің денсаулығы баға жетпес байлығы екенін естен шығармайық. Сала мамандары айтқан алдын алу шараларын сақтауға тырысайық!

Еңлік ҚАБДЕШ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Талдықорған қаласы

Алматы облысы