КОРОНАВИРУС: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ СОТЫ ІСТЕРДІ ҚАШЫҚТЫҚТАН ҚАРАЙДЫ

Уақыты: 01.04.2020
Оқылды: 1541
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Коронавирусты жұқтыру жағдайының өсуіне байланысты аймақтағы бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің Қаулысымен Алматы облысы аумағында 2020 жылдың 31 наурызы, сағат 00:00-ден бастап шектеу шаралары күшейтілді.

Облыс аумағына короновирустық инфекцияның таралуын алдын-алу мақсатында адамдардың жүріп-тұруы, жүктерді тасымалдау, көпшілік орындарға бару шектелді.

Облыс азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау, денсаулық сақтау, санитарлық қызмет органдарының қызметі күшейді.

Осыған байланысты облыс соттары іске қатысушылардың пікірін ескере отырып, бейнеконференц-байланыс арқылы онлайн режимде TrueConf, Skype, Whatsapp мобильді қосымшаларымен және басқа да мүмкін болатын байланыс құралдары арқылы істерді қарауды қамтамасыз етуге толықтай дайын. Сонымен қатар, барлық құжаттарды «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі арқылы жібере аласыз.

Сот өз жұмысын тоқтатпайды, тек істер қашықтықтан қарау режимінде қаралады.

Сот отырысының дыбыс-бейне жазбалары, электронды хаттамалары толықтай Сот кабинетіне енгізіледі.

Алматы облысы тұрғындарынан орын алып жатқан жағдайға түсіністікпен қарап, барлық өтініштерді барынша кейінгі мерзімге қалдыруларыңызды сұраймыз.

Е.ӘБДІҚАДЫРОВ

Алматы облыстық сотының төрағасы