АШЫҚ ҚЫЗМЕТ: ТАЛДЫҚОРҒАНДА "ANTIKOR ORTALYǴY" ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Уақыты: 02.04.2020
Оқылды: 838
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің жанынан «ANTIKOR ORTALYǴY» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы сервис орталығы ашылды. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Алматы облысы әкімі Амандық БАТАЛОВ пен облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Ернар Мақажанов қатысып, көпшілікке ашық қызмет көрсететін жаңа мекеменің жұмыс тәртібімен таныстырды.

Алдымен екі қабатты ғимаратты аралап көріп, онда отыратын мамандармен тілдескен Амандық Ғаббасұлы жергілікті халықтың мұң-мұқтажын, қажеттілігін анықтап, дұрыс бағыт-бағдар беру керектігін, соған орай кіммен болса да жұмсақ мінезбен сөйлесу қажеттігін ескертті.

Жаңадан ашылған нысанда облыстық департамент кеңсесі, алдын алу және парасаттылық басқармасы орналасады. Сонымен қатар, тұрғындарды қабылдауға қажетті арнайы кабинеттер, демалыс орындары, балаларға арналған ойын бұрышы жұмыс істейді. Одан бөлек, департамент қызметкерлерінің баспасөз мәслихаты мен брифинг өткізуіне, онлайн-конференция мен тікелей эфир арқылы хабар таратуына арналған мәжіліс залы бар.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаевтың айтуынша, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау мақсатында салынған фронт-офис Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың бастамасымен қолға алынған. Елімізде 14-нші болып ашылып отырған «ANTIKOR ORTALYǴY» ашық форматта жұмыс істейтін заманауи мекеме болмақ.

– Қоғам белсенділерімен, мемлекеттік қызметшілерімен, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жан-жақты жұмыстардың бәрі осы ғимаратта өткізіледі, – деген департамент басшысының бірінші орынбасары жаңа нысанның жұмыс тәртібін таныстырып өтті. – Өздеріңіз жақсы білесіздер, біздің ғимарат режимді нысан саналады. Мұнда өз басындағы жағдайды айтып, толғандырған мәселесін талқылауға келетін халықтың мұң-мұқтаждығы тыңдалады. Біздің департамент көптеген жобаларды жүзеге асырып отырғаны белгілі. Оның бастапқысы «Жетісу – адалдық алаңы». Осы жұмыстардың барлығы «Жетісу – адалдық алаңы» аясында жергілікті халықпен тығыз қарым-қатынаста жүргізіледі.

Жаңа нысан қызметкерлері қазір еліміздегі төтенше жағдайға байланысты жұмыстарын қашықтықтан жүргізуге мәжбүр. Соған орай 1424 нөмірлі тікелей желісі жұмыс істеп тұр. Бұған хабарласқан адам басындағы жағдайды хабарлап айта алады.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы