"АУРУХАНАДАҒЫ БҰЗАҚЫЛЫҚ": ШЕЛЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ ПОЛИЦЕЙГЕ ҚАРСЫЛЫҚ КӨРСЕТТІ

Уақыты: 03.04.2020
Оқылды: 1103
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында учаскелік полиция инспекторына тап берген ер адам құрықталды. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылы полиция бөліміне жергілікті ауруханадан хабарласып, ішімдік ішкен ер адамның бұзақылық әрекеттер жасап жатқаны туралы хабар келіп түскен. Күдікті медициналық қызметкерлерді балағаттап, олардың қызметтеріне кедергі келтірген.

Қоңырау қабылданған соң оқиға орнына алғашқы болып учаскелік полиция инспекторы А.Жарылқасынұлы жетіп, бұзақыны тәртіпке шақырған. Полицей оған қоғамдық тәртіпті бұзуды тоқтатып, өзімен бірге полиция бөліміне баруды талап еткен. Алайда ішімдікке сылқия тойып алған Шелек ауылының 39 жастағы тұрғыны тәртіп сақшысының заңды талаптарын орындаудан бас тартып, оған қарсы күш көрсетуге тырысқан. Нәтижесінде, құқық бұзушы оқиға орнында құрықталды.

Маскүнемге билік өкіліне күш қолдану дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 1-тармағына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"