Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

НЕБӘРІ ҮШ АЙДЫҢ ІШІНДЕ 42 СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ӘРЕКЕТІ ТІРКЕЛДІ

Уақыты: 25.04.2020
Оқылды: 628
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінде биылғы үш айдың ішінде 54 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Өкініштісі, осының 42-сі сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар құқықбұзушылық. Ауырлық дәрежесі бойынша сыбайлас жемқорлық ауыр және аса ауыр қылмыстың қатарына жатқызылады. Соған орай ондай өлшемге биыл 46 қылмыс кіріп отыр. Аяқталған қылмыстық істер бойынша келген жалпы құны 1,1 миллиард теңгеге тең залалдың 853,4 миллион теңгесі өтеліп, 262,2 миллион теңгенің мүлкіне тыйым салынды.

Жедел-тергеу тәжірибесіне жасалған талдау сыбайлас жемқорлық қылмыстың басым бөлігінің парақорлықпен байланысты екендігін көрсетті. Олардың қатарына тіркелген әрбір екінші қылмысты (24 қылмыс немесе 44,4%) жатқызуға болады. Одан басқа, лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану фактісі бесеу, 4 қылмыс сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап етуге жатса, қызметтік жалғандық жасау және билікті асыра пайдалану фактісі біреу. Есептік кезеңде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың 9-ы бірінші басшы болып шықты. Олардың 22-сі жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік органдардың, 12-сі құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлері, жетеуі Қарулы Күштерден, екеуі мемлекеттік органдардан болса, өзге тұлғалар біреу.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарды анықтап, жолын кесіп қана қоймай оның алдын алу жұмыстарын да жүргізуде. Бұл орайда департаментіміз сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыты бойынша 15-тен астам жобаны іске асыруда. Атап айтсақ, олардың қатарына «Жетісу – адалдық алаңы», «Адал көмек», «Адал Фарм», «Сапалы жол», «Адал жол», «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ», ашық бюджеттердің интерактивті картасы, бизнес пен инвестицияларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу, «Ізгілік елшісі» сынды жобалар кіреді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі механизмдерінің бірі – сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жасау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу болып есептеледі. Биыл жыл басынан бері осындай 3 сыртқы талдау жасалынып, 29 сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Сонымен қатар, департамент қызметкерлері тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында сыбайлас жемқорлыққа неғұрлым бейім салаларда мониторинг жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Жыл басынан департамент жастар тәжірибесін іске асыру саласында, салттық қызмет көрсету және жерлеу, денсаулық сақтау және жер қатынастары салаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жұмыстарын жүргізді.

Атқарылған жұмыстың қорытындысы бойынша мемлекеттік мекемелерге анықталған кемшіліктер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша тиісті ұсынымдар енгізілді. Мысалы, Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері биыл қаңтар айында облыстың салттық қызмет көрсету саласы бойынша «Өлімнен кейінгі жемқорлық» тақырыбында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіп, бүгінгі күні салттық қызмет көрсету саласының бір шеңберде жұмыс істейтін бизнес екендігін, ол шеңберге мәйіт қызметкерлері, полиция органдары, жедел жәрдем қызметі, ауруханалар кіретінін анықтады.

Осы саламен айналысатын сарапшылар мен мамандардың айтуынша, салттық бизнес – бұл ең көлеңкелі, ең жасырын бизнестің бірі. Мониторинг барысында салттық бизнестің көлеңкелі тұстары, соның ішінде ондағы сыбайлас жемқорлық схемаларының көптігі, зираттардағы орындарды сатудан бастап, қайтыс болғандар туралы мәліметтерді саудалау тәрізді сыбайлас жемқорлық белгілері анықталды.

Одан бөлек, наурыз айында департамент мамандары жергілікті атқарушы мекемелермен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің тиімділігіне мониторинг жасады. Мониторинг барысында жергілікті атқарушы мекемелердің көпшілігінің былтыр өз қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізбегені анықталып, облыс әкімінің атына 2019 жылы ішкі талдау жүргізбеген жауапты мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс жолданды. Нәтижесінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы орындамағаны үшін облыстың жергілікті атқарушы мекемелерінің 60 мемлекеттік қызметшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Елімізде төтенше жағдай жарияланған 1 сәуірде облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің «ANTIKOR ORTALYGY» ашылып, көпшіліктің игілігіне берілді. Онда облыс тұрғындары өздерін мазалаған сұрақтарға жылдам әрі қолайлы жағдайда жауап алады. Турасын айтқанда, бұл азаматтар мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының кедергісіз ортасы саналады.

Яғни, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет режимдік нысан болғандықтан әкімшілік ғимаратқа кіріп-шығу қарапайым халық пен БАҚ өкілдері үшін бірқатар қиыншылық тудыратын. Қазір бұл тосқауыл толығымен жойылып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы орталық жұртшылық пен мемлекеттік мекемелер өкілдерінің өзара іс-қимылының бірыңғай алаңына айналды. Бұл өз кезегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің көпшілікке ашықтығын көрсетеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес елімізде төтенше жағдай жарияланғанын ескере отырып, департаментіміз 19 наурыздан бастап сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ағартушылық-насихаттау жұмыстарын жүргізу бойынша онлайн-режимге көшті. Facebook, Instagram, Телеграм ақпараттық байланыс құралдары арқылы біздің қызметкерлеріміз негізгі жобалық бағыттар бойынша интерактивті түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Соған байланысты апта сайын «ANTIKOR ORTALYGY» алаңында онлайн интернет-конференция өткізіліп, мемлекеттік органдардың басшылары онлайн режимде тұрғындардың сұрақтарына жауап беруде. Сонымен қатар, азаматтарға заңнама нормаларын онлайн-форматта түсіндіру мақсатында заңгерлер, адвокаттар, нотариустар, мемлекеттік органдардың өкілдері түсіндіру бейне-сұхбаттарын жүргізеді.

Бүгінгі күні «ANTIKOR.LIVE» жобасы аясында Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті «ANTIKOR ORTALYGY» алаңында танымал заңгерлер мен мемлекеттік мекемелердің басшыларының қатысуымен 28 тікелей эфир өткізді. Одан бөлек, «АNTIKOR ORTALYGY» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің 1424 колл-орталығын» танымал ету мақсатында Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Нұрбақыт Теңізбаевтың қатысуымен арнайы бейнеролик түсірілді.

Жандос ЖҰМАБАЕВ,

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет)
Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары