ҚАРУМЕН ҰСТАЛҒАН АУЫЛ КӘСІПКЕРІНЕ БІРНЕШЕ БАППЕН АЙЫП ТАҒЫЛДЫ

Уақыты: 13.05.2020
Оқылды: 1781
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полициясы ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған ауыл кәсіпкері Асылбек Әукеновтің ісіне қатысты ресми мәлімдеме жасады.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Асылбек Әукеновтің арнайы операция барысында ұсталғаны және оған жала жабылғаны жөнінде бірнеше бейнематериал жарияланған болатын. Ол видеожазбада өзі мінген көлікке қару-жарақты қасақана салып жібергенін айтады. Сондай-ақ, Панфилов ауданының полицейлері өзінен пара талап еткенін, қысым жасағанын атап өтеді.

Осыған қатысты мәлімдеме жасаған Алматы облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Болат Тенезбаевтың сөзінше, А.Әукеновті ұстау операциясына Панфилов ауданының полицейлері жұмылдырылмаған.

- Әлеуметтік желілерде және БАҚ-та күдікті Әукеновтің ұсталған сәті қызу талқылануда. Жүргізілген барлық шаралардың мән-жайын толық білмегендіктен, халық жарияланған бейнежазба бойынша біржақты анализ жасаған. Ұстау операциясы қатаң түрде заң аясында жүргізілгеніне сендіремін. Күдікті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроға Панфилов ауданының полицейлері пара талап еткені туралы арызданғаннан кейін оның көлігіне қару-жарақ қасақана тасталды деген пайымдарға еш негіз жоқ. Себебі, күдіктіні Алматы облыстық полиция департаментінің өкілдері ұстады. Және бұл іске Панфилов ауданының полицейлері жұмылдырылған жоқ, - деді департамент басшысының орынбасары.

Б.Тенезбаев барлық тараптардың арыз-шағымы жан-жақты тексерілетінін жеткізді.

- Күдіктінің пара талап етті деген арызы бойынша Ұлттық бюро тексеру жүргізіп жатыр, - деп толықтырды ол. Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ірі көлемдегі алаяқтық бойынша ұсталған 37 жастағы А.Әукеновтің әрекеттеріне Қылмыстық кодекстің бірден 4 бабы бойынша айып тағылған: 195-баптың 4-бөлігі, 287-баптың 3-бөлігі, 190-баптың 4-бөлігі және 389-бап.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Жақын арада сотқа дейінгі тергеу барысына бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі шешілетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 14 сәуірінде 42 жастағы азаматша Б.Әбілмажин күдікті А.Әукенов өзінен алдау жолымен аса ірі көлемдегі арнайы техникасын иемденіп алғанына арызданды (ҚР ҚК 195-бабы, 4-бөлігі: «Алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк ірі залал келтіру»).

Сотқа дейінгі тергеу барысында анықталғандай, А.Әукенов Б.Әбілмажиннің жұбайын ҚХР-дан Қазақстанға қайтаруға жәрдем көрсетемін деп алаяқтық жолмен оның 11 миллион теңге ақшасын алған (ҚР ҚК 190-б. 4-б: «Аса ірі мөлшердегі алаяқтық»). Сонымен қатар, ұсталған азамат озбырлық жолымен жәбірленушінің жұбайының «Toyota Land Cruser Prado» маркалы автокөлігін иемденген (ҚР ҚК 389-бабы «Өзiнше билiк ету»). Күдікті А.Әукенов жедел-тергеу шаралары барысында ұсталды. «Сотпен санкцияланған тінту кезінде куәгерлердің қатысуымен автокөлік салонынан заңсыз сақталған қару тәркіленді (ҚР ҚК-нің 287-бабының 3-бөлігі «Атыс қаруын заңсыз сақтау»)», - делінген Алматы облыстық полиция департаментінің ақпаратында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"