АУЛАСЫНДА ЕСІРТКІ ШӨБІН ӨСІРГЕН АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ ТҰТҚЫНДАЛДЫ

Уақыты: 24.05.2020
Оқылды: 998
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Бақшасына бір мың түп қара сора (есірткі шөбі) еккен Қарасай ауданы, Қолды ауылының жергілікті тұрғыны анықталды. Бұл жайында "Қазақпарат" Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

«Еліміздің оңтүстік өңірінде күн жылына бастағанда есірткі өсімдіктерін өсіруге деген әрекеттер қолға алына бастайды. Алматы облысының есірткі полицейлері бақшасындағы жер телімінде 1259 түп қара сора еккен, Қарасай ауданы, Қолды ауылының жергілікті тұрғынын анықтады», - делінген хабарламада.

Заңсыз плантацияда өсімдікті қоректендіру және тамшылатып суару әдісі қолданылған. Қара сораны көршілеріне көрсетпеу үшін ол ауласын екі метрлік қоршаумен қоршаған. «Ұсталған адамның үйін және қорасын тінту барысында кептірілген марихуана салынған үш пакет, сондай-ақ, қара сора дәні бар дорбалар табылды. Қара сора өсірілген плантация жойылды», - делінген министрлік хабарламасында.

Кінәлі тұлғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 330-бабы, «Құрамында есірткі бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған бап бойынша 2000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салып, түзету жұмыстарына жіберу, екі жылға дейін бас бостандығын шектеуді немесе айыру жазасы берілуі мүмкін.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"