ШҰҒЫЛ АҚПАРАТ: БЛОК-БЕКЕТТЕ ТҰРҒАН ЕКІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ ҚАЗА ТАПТЫ

Уақыты: 25.05.2020
Оқылды: 1335
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматыдағы бақылау-өткізу пунктінде мас жүргізуші екі полиция қызметкері отырған көлікке соқтығысты. Полицейдің бірі оқиға орнында тіл тартпай кетсе, екіншісі ауруханада көз жұмды. Бұл жайында zakon.kz жазды.

"Таңертең сағат 05:26-да Алматы облысы, Қарасай ауданы, Көксай ауылында, Кожабекова көшесімен солтүстік бағытта "BMW" көлігімен жүйткіген 1992 жылғы Алматы қаласының тұрғыны Жаңа Ғасыр көшесімен қиылыста тұрған №4 блок-бекеттің бетон қоршауына бүкіл жылдамдықпен келіп соғылды. Көлік инерциямен кері серпіліп, жырақта тұрған патрульдік көлікті соқты, оның ішінде, екі полиция қызметкері болған. Өкінішке қарай, жантүршігерлік дене жарақаттарын алған патрульдердің бірі, полиция аға лейтенанты Жалғас Жанғазиев "Жедел жәрдем" келгенге дейін оқыс оқиға орнында қайтыс болды. Оның әріптесі, полиция сержанты Дастан Әбдіқанов өте ауыр жағдайда қаладағы ең жақын ауруханаға жеткізілді", - деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.

Алайда Алматы облысы, Қарасай ауданы, Көксай ауылында болған жол-көлік оқиғасында жарақат алған полиция сержанты Дастан Әбдіқановтің да кейіннен есін жинамаған күйі ауруханада қайтыс болғаны белгілі болды.

"BMW" жүргізушісі қамауға алынды. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жанғазиев Жалғас Сұлтанғазыұлы, 1978 жылы туған, Батыс Қазақстан облысының тумасы. Құқық қорғау органдарында 2001 жылдан бастап қызмет етті. Үйленген, екі қыз тәрбиелеп отырған әке (оқиға орнында қайтыс болды).

Полиция сержанты Әбдіқанов Дастан Маратжанұлы, 1994 жылы туған, Алматы қаласының тумасы. Ол полицияда 2016 жылдан бері қызмет еткен. Үйленген, артында бір айлық қызы қалды (ауруханада қайтыс болды).

Алматы полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы қызметтік міндеттерін орындау кезінде қайтыс болған әріптестерінің туыстарына, олардың отбасыларына қайғырып көңіл айтады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"