ҰЙҒЫР АУДАНЫНДА ЗАҢСЫЗ АУЛАНҒАН ЖАРТЫ ТОННА БАЛЫҚ ТӘРКІЛЕНДІ

Уақыты: 26.05.2020
Оқылды: 962
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ұйғыр ауданының полицейлері табиғат қорғау органының қызметкерлерімен бірлесе отырып, «Уылдырық шашу» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Іле өзенінің бойында заңсыз балық аулап жүргендерді анықтаған. Табиғат қорғаушылардың жақындағанын көрген браконьерлер оқиға орнынан қашып, бой тасалаған.

«Жоғары жылдамдықпен жүретін қайығы бар браконьерлер өзен бойын жағалай қашып, ұзап кетті. Бірнеше шақырымнан кейін олардың қайықтары су жағасынан табылды. Дегенмен, күдіктілер оқиға орнынан белгісіз бағытта кеткені анықталды. Олардың қайықтарынан қылмыс құралдары, заңсыз аулаған балықтары мен олардың жеке заттары табылып, тәркіленді. Араға аз уақыт салып, күдіктілердің өздері де табылды. Олар Панфилов ауданының 17 мен 25 жас аралығындағы 4 тұрғыны болып шықты», - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бағдат Әшімов.

Балық аулаушылардан екі темір қайық пен ток шығаратын 2 мотор, электр қармақтарының құрал-жабдықтары тәркіленді. Сондай-ақ, қайықтан браконьерлердің телефондары мен киім-кешегі және жарты тоннадан астам балық табылды.

«Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 335-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы айғақзаттарды тәркіледі», - деп толықтырды Бағдат Әшімов.

Естеріңізге сала кетейік, бірнеше күн бұрын тәртіп сақшылары Іле өзенінің бойында электр қармағымен балық аулаған басқа тұлғаны құрықтаған болатын. Тыйым салынғанына қарамастан, заңсыз пайда табуға тырысқан қаскөйлердің қандай қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын сот органдары анықтайтын болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"