АҚСУ АУДАНЫНДА МАЛ ҰРЛЫҒЫМЕН КҮРЕСЕТІН АТТЫ ЖАСАҚ ҚҰРЫЛДЫ

Уақыты: 31.05.2020
Оқылды: 936
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының Ақсу ауданындағы басты проблемалардың бірі мал ұрлығы еді. Алайда мал ұрлығын ашуға және оның алдын алуға бағытталған кешенді шаралар арқасында тәртіп сақшылары биыл мал ұрлығын ашу көрсеткішін жақсартып, оның орын алуына жол бермеуде. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаменті мәлімдеді.

Аудандағы Б.Сырттанов атындағы ауылда биыл мал ұрлығы мүлдем тіркелмеген. Ауыл әкімдігі мен учаскелік полиция инспекторы және ауыл тұрғындары бірлесіп, мал ұрлығының ғана емес, кез келген құқықбұзушылықты болдырмау мақсатында күш біріктірген. Нәтижесінде, Алаш арысының атын иеленген ауыл биыл бірде-бір әкімшілік хаттама да толтырылмаған тәртіпті елдімекен атанып отыр.

- Биыл ауданда мал ұрлығына қатысты жиырмадан астам қылмыс, яғни, мал ұрлығының 89 пайызы ашылды. Сонымен қатар, бұрынғы жылдары орын алған 10 жуық дерек әшкереленді. Біз мал ұрлығының алдын алуға бағытталған кешенді шараларды қолға алдық. Б.Сырттанов атындағы ауылдың кіреберісінде бейнебақылау камералары орнатылды. Ауылға келген және кеткен көліктерді тәулік бойы жазатын камера ауылдық учаскелік полиция инспекторының ұялы телефоны арқылы да бақыланады. Сонымен қатар, ауыл жастарының қатарынан атты жасақ құрылып, ауыл маңын түнгі патрульдеу ұйымдастырылуда. Осының арқасында аталған елдімекенде бірде-бір мал ұрлығы тіркелген жоқ, - дейді Ақсу ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Әділмұрат Байзолда.

Аудандық полиция басшысының айтуынша, өзіне тапсырылған учаскеде құқық бұзушылықты түбегейлі жеңген полиция капитаны Ұлан Мұқатаев ҚР Ішкі істер министрінің құрмет грамотасын иеленіп, үздік учаскелік полицей атанған.

- Ауданда үш мыңға жуық шаруа қожалығы және оларда 89 000 ірі қара мен 27 мыңнан астам жылқы бар. Жергілікті билік пен полиция тарапынан шаруа қожалық иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мал ұрлығының алдын алу шаралары қабылдануда. Ауыл тұрғындары мен шаруаларға малдарын қараусыз жіберудің қауіпті екені түсіндірілуде. Ал, мал жоғалғанын білген сәтте тұрғындар уақыт жоғалтпай, полиция хабар беру қажет екенін түсінгені абзал. Өйткені, шұғыл қабылданған шаралар барымташыларды ұстауға мүмкіндікті арттыратыны анық, - деп толықтырды полиция подполковнигі Әділмұрат Байзолда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"