ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА ТУРИСТЕРДІ СОҚҚЫҒА ЖЫҚҚАНДАР ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

Уақыты: 11.06.2020
Оқылды: 1105
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында туристерді тонау қылмыстық дерегі дер кезінде ашылды. Жергілікті екі тұрғын ашық түрде күш қолдану арқылы саяхатшылардың бірінің 13 мың теңге көлеміндегі ақшасын қолды қылып, екіншісін соққыға жыққан.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматыдан Шарын шатқалына велосипедпен шыққан саяхатшылар жергілікті құзырлы органға шағым түсірген. Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасы Шелек полициясының кезекші бөлімі жедел қимылдап, қарақшыларды тез арада қолға түсірді.

Алматы қаласының интернет қоғамдастығының 47 және 20 жастағы саяхатшыларына «Алматы-Көкпек-Көктал» автожолының 76-ншы шақырымында белгісіз екі ер адам шабуыл жасаған. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы, 2-бөлігі, 1,3-тармағы бойынша тіркелді.

Полиция қызметкерлері тез арада іздестіру жұмыстарын жүргізіп, 27 және 30 жастағы Бәйдібек би ауылының екі тұрғынын ұстады. Олар ұсынылған дәлелдемелерден кейін өздерінің кінәсін толық мойындады. Күдіктілер қамауға алынды.

- Сотқа дейінгі тергеу Шелек полиция бөлімінің тәжірибелі тергеушісіне тапсырылды. Ол бір тәулік ішінде сараптама тағайындап, барлық тергеу әрекеттерін жүргізді. Ұсталғандарға мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін, - деді Шелек полиция бөлімі бастығының орынбасары Дидар Базарбаев.

Күдіктілер мінген «Ваз-21014» автокөлігі қылмыс жасаудың қосалқы құралы ретінде сот шешіміне дейін арнайы тұраққа қойылды. Іс материалдары сотқа жіберілетін болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы