"МОЙЫНДАДЫ": ІЛЕ АУДАНЫНДА ҚАРТ ӘЖЕЙДІ КҮРЕКПЕН ҰРҒАН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 16.06.2020
Оқылды: 1158
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полициясы Жетігендегі 79 жастағы қарт әйелдің дене жарақатын алу себебін анықтады. Сотқа дейінгі тергеу барысында тәртіп сақшылары танысын күректің сабымен ұрғанын мойындаған тұрғынды ұстады. Бұл жайлы Polisia.kz мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан екі күн бұрын Іле ауданының орталық ауруханасына Жетіген ауылының 79 жастағы тұрғыны келіп түскен. Жауап алу барысында егде жастағы әйел жалғыз тұратынын, дене жарақатын құлау салдарынан өз үйінде алғандығын жеткізген. Сонымен қатар, қарт әжей арыз беруден, сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартқан.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 1-бөлігі, “Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру” бабы бойынша тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу барысында тәртіп сақшылары танысын күректің сабымен ұрғанын мойындаған Жетіген ауылының 70 жастағы тұрғынын анықтады.

Айғақзат қылмыс құралы ретінде сараптамаға жіберілді. Күдікті мекенжайын өзгертпеу туралы қолхатпен босатылды. Істің барлық егжей-тегжейлі мән-жайлары сотқа дейінгі тергеу барысында белгілі болады. Қазіргі таңда тергеу жалғасып жатыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Іле ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан