ТУҒАН ІНІСІН ҰРЫП ӨЛТІРГЕН АЗАМАТ ҚЫЛМЫСЫН ЖАСЫРМАҚШЫ БОЛДЫ

Уақыты: 17.06.2020
Оқылды: 978
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еңбекшіқазақ ауданында ер адам өзінің туған інісін маскүнемдігі үшін өлімші етіп ұрып-соққан. Соққыға жығылған 62 жастағы азамат Шелек ауылындағы аурухананың жансақтау бөлімінде ес жимастан көз жұмды.

"Polisia.kz" сайтының мәліметінше, жаға ұстатар қылмысты полиция қызметкерлері бір тәулік ішінде ашты. Тергеушінің түйсігі мен кәсіпқойлығы кісі өлтіру дерегінің нақты бейнесін қайта құрай алды. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы, 3-бөлімі, “Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” бойынша тіркелді.

– Бастапқыда қылмыс бойынша ешқандай айғақ болмады. Зардап шегушіні алып кеткен үйде ешбір төбелес іздері болған жоқ. Көрші тұратын ағасы сағат түнгі 01.00 шамасында еденде жатқан, жарақаттары бар азаматты көріп, дереу "Жедел жәрдем" шақырғанын айтқан. Оның пікірінше, ұрып-соғу оқиғасы үйден тыс жерде болған, – дейді Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасының бастығы Талғат Сейілханов.

Бірақ тергеуші Денис Олшанский логикалық дәлелдердің дедукциясын пайдалана отырып, қылмыстық істі жедел түрде ашты. Ол жауап алу барысында күдіктіге бір-біріне жанама айғақтар ұсынып, оны әшкерелеген.

- Күдікті оларды жоққа шығара алмады. Оның сөзінше, ол өлгенін қаламаған. Тек маскүнемдігі, түнгі қыдырыстары үшін сабақ бермек болған. Гир спортымен айналысқан ол үлкен физикалық күшке ие бола отырып, өзінің соққысын есептей алмаған. Ол өз өкінішін білдірді. Күдікті інісін ұрғаннан кейін барлық іздерді мұқият жойып, полицейлерді алдап, жазадан құтылмақ болған, - деп толықтырды Талғат Сейілханов.

Қазіргі таңда күдікті қамаққа алынды. Сараптама қорытындысы алынғаннан кейін іс сотқа жіберіледі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Шелек ауылы,

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы