ЖАМБЫЛ АУДАНЫНЫҢ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ 60 ҚОЙ ҰРЛАҒАН БАУКЕСПЕНІ ҚҰРЫҚТАДЫ

Уақыты: 20.06.2020
Оқылды: 1171
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында жайылымнан 60 қойды ұрлап кеткен баукеспе құрықталды.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Жамбыл ауданының полициясына Алматы қаласының 54 жастағы тұрғыны арыз түсірген. Жалпы шығынын 3 миллион теңгеден астам сомаға бағалаған арызданушы жайылымнан 60 қойы ұрланғанын жеткізген.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 2-бөлігі 2-тармағы бойынша тіркелді. Тәртіп сақшылары бір күн ішінде Бурган ауылының 41 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ол ұрлық жасағанын толық мойындады. Із кесушілер күдіктіден 4 қойды тәркілеген және ол өзінен 55 бас ұсақ малды сатып алған адамды көрсеткен. Тағы бір қой күдіктінің танысынан алынды.

Барлық ұрланған мал заңды иесіне қайтарылды. Ұсталған азамат бұрын мал ұрлығы үшін екі рет сотты болған. Қазір ол уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары шеңберінде оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Жамбыл ауданы

Алматы облысы