ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ ЖОБА: "БАЛА ҚҰҚЫҒЫ ТАПТАЛМАСЫН"

Уақыты: 28.07.2020
Оқылды: 2667
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Кейінгі жылдары елімізде бала құқығының бұзылуы жиілеп барады. Тіпті, жаға ұстатар жағдайға да жеткенімізді бетпе-бет келген қайғылы оқиғалар көрсетуде. Бұл осы мәселе төңірегіндегі жұмыстарды босаңсытпаудың қажеттілігін көрсетіп отыр. Қазірде елімізде бала құқығын қорғау саласында белсенді жұмыс атқарып жатқан ұйымдар да көп. Сол қатарда «Expo&Women» халықаралық ұйымы» ЗТБ және «Қазақстандағы ТДМ-2030» қоғамдық институтын атауға болады. Аталған ұйым Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ҰАК-ның гранттық қолдауымен жүзеге асырылатын «БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға азаматтық қоғам институттарын тарту» жобасының орындаушысы.

Жобаның мақсаты – БҰҰ-ның 2015 жылғы 25 қыркүйектегі қаулысына сәйкес және Қазақстанда ратификацияланған БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары (ТДМ-2030) туралы ақпараттандыру. Айталық, былтырдан бастап республика ТДМ индикаторларын ұлттандыруда және аталған жоба аясында оларды жергілікті деңгейде іске асыру міндетін жүзеге асыра бастады.

БҰҰ осы жылдың басында өткен онжылдық жұмыстың нәтижесін жариялап, тұрақты дамудың жаһандық мақсатын қорытындылады. Осыған орай, бүгінгі таңда елімізде БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру үшін қазақ және орыс тілдерінде әдістемелік ұсыным әзірленіп, «ТДМ-2030» туралы ақпараттық ролик дайындалуда.

Бұл ұсыныс пен ролик тұрақты дамудың 16-шы мақсаты бойынша сараптамалық зерттеу жүргізуге бағытталады. Оның негізгі мақсаты – еліміздің 17 аймағында азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар мен мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен БҰҰ-ның «Тұрақты дамудың 16-шы мақсатын» Қазақстанда жүзеге асыру бойынша келесі өзекті аспектілер бойынша семинарлар ұйымдастыру, мықты институттар, ашық үкімет пен мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың тұрақты даму мақсатына қол жеткізу әлеуетін арттыру үшін мүмкіндік жасау.

Жоба жетекшісі, «Expo & Women» халықаралық ұйымы» ЗТБ басқарма төрағасы және «Қазақстандағы ТДМ-2030» қоғамдық институтының үйлестірушісі Ләззат Асқарованың айтуынша, тұрақты дамудың 16-шы мақсатынның негізгі міндеті – аналитикалық құралдарды қолдану арқылы зорлық-зомбылық түрлерінің таралуын едәуір азайтып, адам саудасын тоқтату. Ұлттық және халықаралық деңгейде заңның үстемдігін насихаттау және сот төрелігінің барлығына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. 2030 жылға қарай заңсыз қаржылық және қару-жарақ ағындарын едәуір азайту, ұрланған активтерді табуға және қалпына келтіруге, ұйымдасқан қылмыстың барлық түріне қарсы күресті күшейту. Сыбайлас жемқорлық пен парақорлықтың барлық нысанын едәуір азайту. Барлық деңгейлерде тиімді, есеп беретін және ашық институттар құру. Қоғамның барлық секторларын тарта отырып, барлық деңгейдегі өкілетті органның жауапты шешімдер қабылдауын қамтамасыз ету. Дамушы елдердің жаһандық реттеуші органдардың қызметіне қатысуын кеңейту. 2030 жылға қарай ұлттық заңнамаға және халықаралық келісімдерге сәйкес халықтың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету. Дамушы елдерде зорлық-зомбылықтың алдын-алу және терроризм мен қылмысқа қарсы тұру үшін әлеуетті арттыру мақсатында тиісті ұлттық институттарды халықаралық ынтымақтастық арқылы нығайту. Тұрақты дамуға арналған кемсітпейтін заңдар мен саясатты насихаттау және орындау мақсатын жүзеге асырмақ.        

Ағымдағы жылдың 17, 24 маусымында және 15 шілдесінде орыс тілінде онлайн-семинарлар өтті. Оған көп адам қатысты. Сол шараға қатыса отырып ұйымдастырушылар жариялаған тақырыптың өзектілігі мен қажеттілігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Айта кетерлігі, семинар барысында жобаның келесі кезеңін мемлекеттік тілде жүргізуді ұсыныс еттік. Өйткені, қазіргі таңда адам құқығын қорғау және оны заңдық тұрғыда жүзеге асыру үшін қазақ тілді ортаны ақпараттандырудың ерекше маңызды екендігі анық. Себебі, қазақ тілді ортаның дені ауылдық жерлерге шоғырланған. Олар көп жағдайда адам құқығын қорғау тұрғысындағы ақпараттардан хабарсыз қалады.

Пандемияға сәйкес қалыптасқан жағдайға байланысты іс-шаралар онлайн режимінде әртүрлі форматта өтуде. Оған тәжірибелі модераторлар тартылады. Олар интерактивті семинарлар өткізуге арналған онлайн-платформаның түрлі мүмкіндіктерін барынша тиімді қолдана алады. Сонымен қатар, қатысушыларды онлайн тіркеу ұсынылады. Watssapp топтары құрылады, оларға тақырып бойынша материалдар, анкеталар ZOOM бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. Айта кетерлігі, кездесулер мен ақпараттық-практикалық семинарларға мемлекеттік, құқық қорғау орындарының қызметкерлері, оның ішінде ювеналды полиция, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар, мектеп полиция инспекторлары, заң мұғалімдері мен студенттер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша арнайы мониторингтік топтардың, БАҚ, жоғары және орта, арнаулы білім жүйесінің, ғылыми орталықтар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері сарапшы ретінде қатысады. Сондықтан адам құқығы, балалардың құқығы, зорлық-зомбылыққа ұшыраған, тағы да басқа құқығы тапталған адамдардың шешім ете алмай жүрген мәселелерін ортаға қойып, тұшымды жауап алуға болады.

Еліміздің Ата заңында «Қазақстан Республикасы зайырлы, құқықтық мемлекет» деп көрсетілген. Сондықтан, ең алдымен, өзіміздің құқығымызды заң бойынша қорғай білуіміз керек. Ол үшін өз құқығымызды жақсы білуіміз керек. Егер бұл семинар, тренинг сізді қызықтырса, толық ақпаратты «Expo&Women» халықаралық ұйымы» ЗТБ және «Қазақстандағы ТДМ-2030» қоғамдық институтының әлеуметтік желідегі парақшаларынан таба аласыз.

Қажет Андас
Сурет ғаламтордан алынды