КӨЛІКТІҢ ТҮЙМЕДЕЙ СЫНЫҒЫ ТҮЙЕДЕЙ ҚЫЛМЫСТЫҢ АШЫЛУЫНА СЕБЕПШІ БОЛДЫ

Уақыты: 20.10.2020
Оқылды: 1168
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында адам қағып, қашып кеткен жүргізушінің қылмысы көлік сынықтары арқылы ашылды. Бұл жайында Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

Полиция департаментіне Талдықорған қаласына бір шақырым жерде 41 жастағы тұрғынды көлік қағып кеткендігі туралы ақпарат келіп түсті. Жол апаты салдарынан зардап шеккен адам оқиға орнында көз жұмды.

- Оқиға орнына жеткен полиция мұқият тексеру кезінде бампердің өндіруші зауыт нөмірі бар пластмасса сынығын тапты. Осы нөмір бойынша «RENAULT MANAGER« жүк көлігінің маркасы анықталды. Тәртіп сақшылары облыстың барлық жеке құрамын жұмылдырып, күдіктіні ұстауға кірісті. Бірнеше сағаттан кейін Алакөл ауданында Алматы-Өскемен автожолының 508 шақырымында патрульдік полиция ротасының инспекторлары Әділет Махатов пен Руслан Меделханов іздестіріліп жатқан көлікті ұстады. Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауылының 32 жастағы тұрғыны көлігімен адам қаққанын мойындады, - дейді патрульдік полиция ротасы командирінің міндетін атқарушы Қайырбек Қанатбеков.

Қазіргі таңда автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 3-бөлігі және 347-баптың 1-бөлігі «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан Жол қозғалысы ережесін бұзу, апат болған жерден кетіп қалу» бойынша тіркелді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"