ПОЛИЦЕЙЛЕР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІНЕ ОРАЙ КӨРМЕ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Уақыты: 01.12.2020
Оқылды: 1049
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полиция департаментінде Тұңғыш Президент күніне орай суреттер көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеге Елбасының суреттері, оның туған жерінің көріністері, оқыған және қызмет атқарған орындарда түсірілген фотолары қойылды.

- Көрме жас қызметкерлерге патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылды. Бұл жерде Елбасының тұлғасын кеңінен ашатын, оның тәуелсіз еліміздің дамуына қосқан сүбелі үлесінен сыр шертетін суреттер қойылды. Көрмені тамашалауға облыстық полиция департаментінің қызметкерлерімен қатар, жақын орналасқан аудандық және қалалық полиция бөлімшелерінің жас қызметкерлері шақырылды. Оларға мемлекетіміздің даму жолындағы Тұңғыш Президент рөлі туралы ақпарат берілді, - деді Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ораз Жолдасов.

Жас қызметкерлер Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы облысында туғанын мақтан тұтатындарын жеткізді. Елбасының өмірімен жете танысқан олар еңбек пен табандылық танытуда, биіктерді бағындыруда жаңаша ой түйіп тарқасты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"