МАЛ ҰРЛАҒАН АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ ҚАРАҒАНДЫДА ҚОЛҒА ТҮСТІ

Уақыты: 09.01.2021
Оқылды: 809
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Полицейлер мал ұрлаған Алматы облысының тұрғынын Қарағанды қаласында қолға түсірді. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Өткен жылдың жазында Алакөл ауданы, Қабанбай ауылының тұрғыны полицияға хабарласып, ауласында тұрған 3 жылқысының түнде қолды болғанын жеткізген. Тәртіп сақшылары қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау мақсатында кең ауқымды іздестіру шараларын жүргізді. Іздеу барысында полицейлер қолды болған малды тауып, заңды иесіне қайтарды.

- Қылмысқа қатысы бар күдіктіні анықтау үшін білікті мамандар жұмылдырылған іздеу тобы жұмыс жасады. Күдікті Қарағанды қаласынан ұсталды. Ол Сарқан ауданының 25 жастағы тұрғыны болып шықты. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Тергеу мүддесіне сай өзге ақпарат таратылмайды, - деді Алматы облысы тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Самал Арғынғазинова.

Мал ұрлығына қатысы бар күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Оның бұдан екі жыл бұрын тағы да мал ұрлығын жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны және ағат ісін түсініп, түзелмегені белгілі болды. Күдіктінің өңірдегі өзге де қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан