МЫҢДАҒАН БАСШЫ ЖАБЫҚ КЕҢСЕДЕН ШЫҒЫП, "ӘЙНЕК КАБИНЕТТЕРГЕ" КӨШТІ

Уақыты: 15.01.2021
Оқылды: 1087
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев «Facebook» әлеуметтік желісінде жазба жариялады. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

"Достар, тұрмыстық сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары болуы шектен тыс бюрократизм, қасақана әуре-сарсаңға салу, мемлекеттік мекемелердің жабықтығы мен күнделікті жұмыстағы айқындықтың жоқтығына тікелей байланысты екені белгілі.

Өз кезегінде ашықтық, айқындық және есептілік, тұтынушыға толық бағдарлану мен жоғары қызмет көрсетуге негізделген ақылды цифрландыру, мемлекеттік қызметшілердің  әдеп пен мінсіз жүріс-тұрыс үлгілерін сақтауы – азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімінің басты шарты. Сондықтан, мемлекеттің 2020 жылғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі міндеттерінің бірі қала, аудан, ауылдық әкімдіктерді сервистік үлгіге көшіру болды.

Біз бұл жұмысты мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен тұтынушыға бағдарлануын арттыруға бағытталған республикалық «Адалдық алаңы» жобасы аясында іске асырдық. Бұл жобаның Елбасының бастамасымен қолға алынғанын және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Президенттің қолдауына ие болғанын атап өткен жөн.

Антикордың, барлық деңгейдегі әкімдіктер мен жұртшылықтың үйлесімді жұмысының арқасында 317 әкімдік сервистік форматқа көшті, бұл – облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар 100 пайыз қамтылды деген сөз.

Сіз: «Бұл азаматтарға не береді?» - деп сұрауыңыз мүмкін.

Біріншіден, 900 тосқауылсыз фронт-кеңсе жоғары сұранысқа ие мемлекеттік қызметтерді жедел түрде көрсетіп қана қоймай, азаматтарға көптеген мәселелер бойынша қарапайым және қолжетімді түрде кеңес беруге мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл  шара қызметтік қабаттар мен кабинеттерді араламай, бір жерден көмек алу мүмкіндігін жасап, мемлекеттік қызметшілер мен азаматтар арасындағы алшақтықты айтарлықтай азайтады.

Екіншіден, мемлекеттік білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің 5 мыңнан астам бірінші басшысы өздерінің ыңғайлы кеңселерінен шығып, бірінші қабаттағы «әйнек кабинеттерде» жұмыс істеуге көшті. Осылайша басшылар да қолжетімді болды.

Үшіншіден, 1400-ден астам мемлекеттік мекемеге енгізілген open space форматындағы қызметтік кеңістік дизайны мемлекеттік қызметшілерде ашықтық пен айқындық күнделікті жұмыс стандартына айналатын жаңа әдеттерді қалыптастыра бастады.

Тұрмыстық жемқорлықты жою тұрғысынан мемлекеттік қызметтерді үдемелі цифрландыруды да атап өту маңызды. Оның деңгейі – қазірдің өзінде 93 пайыз. Демек, бұл осы саладағы тұрмыстық жемқорлықтың барынша төмендетілгенін көрсетеді. Оған халыққа 1 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен сервистік әкімдіктердегі «connection points» деп аталатын цифрлық өзіне-өзі қызмет ету бұрыштары айтарлықтай үлес қосуда.

Тұтынушыға бағдарланған тәсілді енгізу туралы айта келе, жылға жуық уақытта еліміздің әр аймағында 18 сервистік антикор орталығын ашқанымызды атап өткен жөн. Қазіргі таңда олар азаматтар жайлы жағдайда кеңестер алатын біздің фронт-кеңселер ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы сындарлы сұхбат алаңдарына айналды.

Достар, мемлекеттік органдардың жұмысын ашықтық, қолжетімділік, айқындық және есептілік призмасы арқылы өзгерту жалғаса береді. Біздің міндетіміз – осы стандарттарды бүкіл ел аумағына енгізу", - делінген Алик Шпекбаевтың мәлімдемесінде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"