ТЕРМИНАЛ ҰРЛАМАҚШЫ БОЛҒАН ЖІГІТ 20 МИНУТ ІШІНДЕ ТҰТҚЫНДАЛДЫ

Уақыты: 17.01.2021
Оқылды: 730
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Полицейлер 20 минут ішінде ауыл дүкенінде тұрған терминалдан ақша ұрлауға әрекет жасаған адамды ұстады. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

Сағат түнгі 00.25 шамасында Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылдық округіне қызмет көрсететін учаскелік инспектор, полиция майоры Алмас Жақыпбековке телефон арқылы ауылдық дүкендегі терминалды ұрлау әрекеті туралы хабарлама келіп түскен.

Әйел күдіктінің қашып бара жатып болжам бойынша такси көлігіне отырғанын хабарлаған. Учаскелік инспектор шақыртуды қабылдап, 20 минут ішінде Алматы қаласының 29 жастағы тұрғыны болып табылатын күдіктіні ізін суытпай ұстады.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 1-бөлігі бойынша тіркелді. Ұсталған адам ұрлық жасағанын мойындап, әйнекті сындырып, дүкенге кіргенін, ломмен терминалды ашуға тырысқанын, алайда дүкен иесінің шу көтергенін жеткізді.

Қашып кетіп бара жатып ол ломды лақтырып, алдын ала шақырылған таксиге отырған және сол жерде полиция қызметкерлеріне ұсталған. Тергеу барысында оның өңірдегі осыған ұқсас ашылмаған қылмыстарға қатыстылығы тексеріледі. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"