ОНЛАЙН САУДАДА САҚ БОЛЫҢЫЗ, АЛАЯҚТАР КӨП! ПОЛИЦЕЙДІҢ ЕСКЕРТУІ

Уақыты: 24.01.2021
Оқылды: 896
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Балқаш ауданының бас полицей міндетін атқарушысы интернет алаяқтарының құрбаны болмас үшін онлайн саудада сақтық танытуға шақырды. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

"Инстаграмм" әлеуметтік желісінде онлайн кездесу өткізіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берген Балқаш ауданы полиция бөлімінің басшылығы қазіргі уақытта белең алған қылмыстардың бірі – интернет алаяқтарының мәселесіне кеңінен тоқталды. Ведомство басшысы осы жайт бойынша пайдалы кеңестер беріп, алданып қалмаудың жолдарын түсіндірді.

- Қазір заман талабына сай онлайн сауданың көрігі қызып тұр. Түрлі сайт арқылы адамдар еліміздегі немесе шетелдегі өнімге тапсырыс беріп, сатып алуда. Дегенмен, жат пиғылды адамдар талайды сан соқтырып кетуде. Сондықтан, тапсырыс берместен немесе алдын ала төлем жасамай тұрып, сатушы туралы толыққанды зерделеу жасаңыз! Күмән тудырса, төлем жасамағаныңыз абзал, - деді Балқаш аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Дәурен Құтпанов.

Облыстық полицейлер былтыр интернет алаяқтығына қатысты 50-ге жуық қылмыстың ашылғанын хабарлады. Тәртіп сақшылары ғаламторда жасалған қылмыстарды ашу кезінде көп жағдайда алаяқтар елімізден тыс жерде отырып, жымысқы әрекеттерге баратыны анықталатынын айтады. Сондықтан, көлікті немесе мүлікті нарықтық бағадан өте төмен бағада сатып, жылдам алдын ала төлем жасатуды талап ететін сатушылардан сақ болған жөн.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"