СИЫР ҰРЛАП, АРЗАН БАҒАДА САТЫП ЖІБЕРГЕН ЕКІ КҮДІКТІ ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 24.01.2021
Оқылды: 991
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ауылдасының қорасындағы сиырды ұрлады деген күдікпен екі тұрғын қамаққа алынды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Оқиға Кербұлақ ауданында болған. Жоламан ауылының тұрғыны кешке қорасындағы сиырының қолды болғанын көріп, бірден полицияға хабар берген. Қылмысты ашу және қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында жедел тергеу тобы құрылды.

- Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел іздестіру жұмыстары кезінде 1991 және 1997 жылы туған, бұған дейін сотталмаған екі тұрғын күдікке ілінді. Сотқа дейінгі тергеу барысында олардың сиырды ұрлап, Қапшағай қаласындағы танысына өте арзан бағада сатып жібергені анықталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Өзге ақпарат тергеу құпиялығына байланысты жариялауға жатпайды, - деді Кербұлақ аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев.

Ұсталғандардың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде. Күдіктілердің заңсыз әрекеттері зардап шегушіге 270 мың теңге материалдық шығын әкелгені белгілі болды. Олардың ұрланған малды тиеген жеңіл көлігі тәркіленіп, тергеу аяқталғанға дейін арнайы тұраққа тоғытылды. Қолды болған сиыр тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"