БІЗ ӘЛІ КҮНГЕ КЕҢЕСТІК ҚАСАҢ ҚАҒИДАЛАРДАН ШЫҒА АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ

Уақыты: 31.01.2021
Оқылды: 1465
Бөлім: ТҮПСАНА

Бүгінде әлемдік киноиндустрияда тарих тақырыбындағы сценарийлерге сұраныс жоғары. Американың да, Еуропаның да айтулы оқиғалары туралы фильмдер өте көп. Қазір Netfliх, HBO және басқа да алпауыт кинокомпаниялар Азияға бет бұруда. Осы орайда біздің де шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршылық. Мысалы, әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын Орда тарихы дайын тұрған жоқ па?! Бұл мәселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті

– Алдияр, Ақжайықтың қырғынын көргенім жоқ. Шақырған болсаң, естігем жоқ! Өз бетіммен жолаушы келіп ем... Бірақ, естіген болсам, келер ме ем, келмес пе ем... Келсем: «Кең далаға сен де сиясың, сен де сиясың, сендер де сиясыңдар, тоқтат қырғынды!» – деуге келер ем. Оныма құлақ аспасаң келмей-ақ қалар ем. Уа, халайық! Жағалбайлының айыбы қанды қырғынға келе алмай қалғанында болса, оған да бір себеп бар шығар. Бірақ, мәселе онда емес, мәселе мынада...  өзді-өзіміз болмашыға бола күнде қырылысып жатқанда сырт көз бізді бақпай ма екен?!
– Әрине!
– Сөз бар ма?!
– Қансыраған елімізге қызықпай ма екен?
– Қызыққанда қандай?!
– Қысық көзді, қиғаш қабақ көршің бар бір бүйіріңде. Тістесе-тістесе бақсының құмалағындай шашылып кеткен еліміз бар. Күннің шығысынан батысына дейін созылған ұлан-байтақ жеріміз бар. Сыймай жүрсек екен-ау, сыйыса алмай жүрміз ғой...

Бұл - әйгілі «Қыз Жібек» фильміндегі Төлегеннің сөзі.

Жаугершілік замандағы қазақты өзара қырғи-қабақ күйге түсірген пендешіліктің ұлттық, халықтық мүдденің жанында түкке тұрмайтынын алға тартқан сценарий авторы, классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің айтқан ойы әлі күнге өміршең.

Елдік, мемлекеттік тұрғыда көтерілуі тиіс мәселелер кейде жершілдіктің, рушылдықтың ығына жығылып кететіні қазір де бар. Өте өкінішті, мұндай қадам елімізді жақсылыққа апармайды. Керісінше, тығырыққа тіреп, алған тәуелсіздігіміздің тұғырын шайқауы мүмкін. Сондықтан бізге керегі ауызбіршілік, ынтымақ пен келісім, бейбітшілік пен тыныштық, тұрақтылық пен ымырашылдық.

Осыны жақсы біліп, терең ұғынған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақала жазып, еліміздің келешек бағдарына қажетті тетіктерді қалай жүргізу керектігін еске салды. Тіпті, Қазақстан Республикасының жаңа сипатты келешегі қалыптасуы қажеттігін ұғындырып, тарихтың қатпарында қалған ақтаңдақтарды ұлттық көзқараспен қарастыруды тапсырды.

Шынында ғасырлар бойы жаугершілік пен басқыншылықтың зардабын тартқан халқымыз осы күні көптеген ұлттық құндылығынан айырылып қалғаны анық. Асыл қасиеттерін жоғалтқандар жаһандану дейтін құрдымға сіңіп бара жатқанын ұғынбайды. Керек десеңіз, оны мойындағысы келмейтіндердің бойындағы өз еліне деген жеккөрушіліктің анық байқалып қалатынын қалай жасырайық?!

Мысалы, Гимн ойнағанда кеудесіне қолын қоймайтындардың арамыздан табылатынын бәріміз білеміз. Ондай әрекеттің артында Кеңес одағын көксеу, орыстық шовинистік пиғыл жатқанын байқау қиын емес. Әсіресе, мемлекеттік тіліміздің тұғырын бекітуге арналған шаралар қолға алынған сайын орыс тілінің қолданыс аясы тарылып бара жатқанын айтып, аттандайтындар ара-тұра шығып қалады.

Олардың артында Ресейдің әсіре ұлтшыл-шовинистерінің түрткісі жатқандай көрінеді. Әйтпесе, неге осындай келеңсіз әрекеттер жасалып жатыр? Мысалы, Талдықорған қаласына орыс тілінде тарайтын жарнамалық газетке: «Требуется продавшицы славянской национальности», «Принимаем квартирантов европейской национальности», - деген хабарландыру жиі шығады.

Бұл - өзгелерді кемсіту, басқа халықтарды қор санау. Бір қызығы, тұщынып оқитын мақала жазылмайтын басылымнан жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдары қатты сескенетіні байқалады. Себебі, әлгі жарнамалық үнпарақ әлдебір шенеунікті суретімен салып, болған оқиғаға, кеткен кемшілікке жауапты екендігін ескертіп, Президент Әкімшілігіне, облыс әкімдігіне шағым түсіретінін ұдайы айтып жатады. Халқымыз «ұрының арты қуыс» деумен осындай әрекеттерді сипаттаса керек. Оны айтқан газет те, оған шыққан шенді қызметкер де өзінің сенімсіз екендігін осылай білдіріп қояды.

Хош, сонымен Мемлекет басшысының айтулы мақаласы өткенімізге қазақы дүниетаныммен, ұлттық ұғыммен қарап, келешекке жаңа қадам жасауымыз керектігін ұғындырды. Неге?

Біз әлі күнге КСРО қалыптастырып кеткен қасаң қағидалар мен орыстық көзқарастан шыға алмай отырмыз. Алысқа бармай-ақ, Текелі қаласының маңындағы қойтасқа салынған будда дінінің бейнесіне жазылған түсіндірмені мысалға алайық. Биік таудың қойнауына кіреберісте оңаша тұрған жақпар тастың бетіне айдаһар басты, тасбақа денелі, жолбарыс аяқты, арыстан құйрықты мифологиялық жануардың әлдебір нысанды көтеріп тұрған бейнесі қашалып салынған. Астында тибет жазуы бәдізделген. Атты кісінің бойынан асатын биік тастың алдына қойылған тақтаға: «Будда» тастағы безендірулер, ерте темір дәуірі» – деп жазылыпты.

Құдай-ау, қайдағы ерте темір дәуірі? Ары кетсе, осыдан 300-400 жыл бұрын жоңғар шапқыншылығы кезінде салынған кескінді одан да ары ғасырлар қойнауына жіберудің не керегі бар? Ерте темір дәуіріне Ешкіөлмес жотасындағы петроглифтер жатады. Ал мынау кәсіби қылқалам шеберінің құрал-жарақпен қашаған еңбегі екендігі анық көрініп тұр. Оған анықтаманы жазған кеңестік идеологияның тәрбиесін көрген өзіміздің «білікті» мамандарымыз. Құрдымға кеткеніне 30 жыл болса да қызыл империя сіңірген тәрбиеден арыла алмай отырғанымыз өкінішті. Бұл – бір.

Екіншісі, кеңестің кесірлі әсерінен арылудың жолы – ұлттық тарихымызды дұрыс жеткізу. Оған қазіргі заманның тиімді тетігі – киноны қолдану керектігін Қасым-Жомарт Кемелұлы өз мақаласында ерекше атап өтті.

Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ киносы өз деңгейінде дамудың сатысынан өткені рас. Бірақ, отандық киноның бойында ұлттық рең, халықтық бояу жетіспейтінін айта бергеннен нәтиже шықпайды. Қазіргі кинорежиссерлердің басым бөлігі қазақты күлкіге айналдыруды, қылжақ қылуды қалайтындай. «Келинка Сабина», «Бизнес по казахский» дейтін бір көруге де тұрмайтын туындысымақтардың іші өрескел, ұятсыз әрекетке толы. Ондай фильмдерді бала-шағасымен бірге отырып көрудің өзі ыңғайсыз. Өйткені, кейіпкерлері күтпеген жерден өбісіп, қараңғы түспей аймаласып кете береді. Әрине, ауызды қу шөппен сүртіп, «құрыды, бітті» деуден аулақпыз. Дегенмен қазақстандық кинотуынды атаулының бір қайнауы ішінде қалғандай көрінетінін ешкім жоққа шығармайды.

Осыны жақсы білген ел Президенті мақаласында: «Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын. Әрине, қаржы мәселесі шешілуі керек. Дегенмен, көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болатынын қырғыз бауырларымыз «Құрманжан датқа» фильмі арқылы анық көрсетті. Бүгінде әлемдік киноиндустрияда тарих тақырыбындағы сценарийлерге сұраныс жоғары. Американың да, Еуропаның да айтулы оқиғалары туралы фильмдер өте көп. Қазір Netfliх, HBO және басқа да алпауыт кинокомпаниялар Азияға бет бұруда. Осы орайда біздің де шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршылық. Мысалы, әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған АлтынОрда тарихы дайын тұрған жоқ па?! Бұл мәселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн», – деп көптеген мәселенің шешімін таппай жатқанын атап өтті.

Бұдан артық қалай айтуға болады? Рас, киноны табыс көзіне айналдырып, шытырлатып теңге санауды мақсат тұтатындар үшін ұлттық құндылық, ұлттық мәдениет, дүниетаным, парасат деген асыл қасиеттер көк тиын. Міне, осыны ескертіп отырған Президент одан кейін әрбір қазақтың баласы үлгі тұтуы тиіс Алаш арыстарының өмір жолы, қажырлы еңбегі, қалдырған мұрасы ескерусіз қалмауы керектігін, еліміздің тарихындағы зобалаң кезең – аштықтың толық мәліметі ашылуы тиістігін, 1986 жылдың қар мен мұз бүркеген желтоқсанындағы бұрымды қыздар мен тұлымды ұлдардың ерлігін ескеру қажеттігін атап, жусан аңқыған сайын даланың шаңын шығарып, мал мен жанды шоққа салған Семей полигонының жабылуы мен күллі әлемде алғашқы болып ядролық қарудан бас тартқан еліміздің адамзат алдындағы жауапкершілігін салмақтай тарқатты.

Айтулы мақала шынында көкірек көзі ашық, санасы ояу жанға серпін береді. Әйтпесе, 90-шы жылдары нарықтық экономикаға толығымен бет бұрған еліміз, ең алдымен, табысты алдыңғы орынға қойғаны бұлтартпас шындық. Соның кесірінен ішкі идеологиямыз шатқаяқтап, мәдениетіміз тұралап қалудың алдында тұрғанын жасырып қайтеміз?! Өзінің Ана тілін менсінбейтін, білгісі келмейтін ұрпақ өсіп келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел ішінде: «Қазақтың қолынан сауда жасау келе ме?» деген келелі сауал талқыланып, мерзімді баспасөзде біраз әңгіме болғаны бар.

Сөйтсек, сауда-саттықты меңгеру аса қиын емес екен. Керісінше, сауданың ең сорақы түрі – таразыдан жеу, сапасыз тауарды алдап өткізу, өнімді өзіндік құнынан бірнеше есеге артық бағалау, тұтынушыға талас секілді адамдық қасиетті қашыратын әдет пайда болыпты. Сенбесеңіз, базар мен сауда орталықтарын аралап, сатып алушыларды тыңдап көріңіз. Бәрінің айтары қымбатшылықтың белең алып бара жатқаны. Оны қымбаттатып отырған кім? Әрине, өзіміз. Қытайдан молынан әкелінген киім-кешекті, жеміс-жидекті бөлшек саудада 2-3 есе артық бағасымен саудалап отырған тағы өзіміз. Осыған қарап кейде: «Қазақ ұлт ретінде жойылып кетпей ме?» деген ащы сауал санаға салмақ салады.

Барлық тілді жетік меңгеріп, өз тілін менсінбеумен, өз таңсығын ысырып, өзгенің қаңсығына құмартумен әлемдік жұртшылықты таңғалдыруды көздейтін жағымсыз әдеттің ел ішінде пайда болып, батпандап кіріп кеткені өкінішті. Енді оның мысқалдап шығуын көру үшін уақыт рәсуа болады. Соның кесірінен «Көшпенділер» фильміне жұмсалған қыруар қаржы талан-таражға түскенін қалай жасырайық?! Алатаудың күнгейін мекендеп, ғасырлар бойы төске малы, төсекте басы қосылған көршілес қырғыз ағайынның «Құрманжан датқа» атты фильм түсіргенін айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы осыны меңзесе керек.

Дана Абай бабамыздың: «Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды» дегеніндей, айта берсек, әңгіме көп. Қалай болғанда да біздің еліміздің мәдениеті мен ұлттық құндылығын сырттан келіп ешкім түзеп бермейді. Тек, өзіміз өкіне жүріп, бармағымызды тістей жүре түзетеміз. Ол үшін ұрпақ тәрбиесін қазірден қолға алу керек. Әрбір отбасы дастарқан басында, теледидардың алдында, телефонның ішінде ұл мен қызына қазақтың үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетер қастерлі ұғымы мен «күніне  тоқсан тоғыз бәле көрсең, сонда үміт үзбе бір Алладан» дейтін тау қозғалса мызғымас қалпын үйреткені жөн болар еді. Әйтпесе, мына қалпымызбен жаһандану үдерісінің ұйығына кеткеніміз кеткен. Ал ұлттық құндылығын сақтап қана қоймай, құрметтей білген елдің еңсесі қашанда биік болады!

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан