ҚҰЛАГЕРДІ ҚАШАНҒЫ СЫРТТАН ТАСИМЫЗ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗАНАТЫ ҚАЙДА?

Уақыты: 18.02.2021
Оқылды: 2682
Бөлім: ТҮПСАНА

Бағзы заманнан атбегі халық екеніміз жарты әлемге жария. Оған дәлел - жылқыны алғаш бабаларымыздың қолға үйреткені. Бұл жайлы тарихи деректер көп.

Тарих беттеріне үңілсек байтақ даланы батырлар тұлпарға мініп қорғады емес пе? Ердің қанаты болған сәйгүліктер қазір де тақымымыздан алыстап кеткен емес. Бүгінгі таңда ас-тойларда алдына қара салмаған Құлагер сынды жүйріктерді көзіміз шалады. Бойында бір тамшы арам тері қалмаған, түгі жылтырап, тыпыршып, бәйге тілеп тұрған арғымақ әр қазақтың арманы.

Кәсіби атбегі болмаса да бір жүйріктің бабын қандыру ауылда өскен азаматтың қолынан келері сөзсіз. Дегенмен, қазіргі таңда ұлы өнер материалдық жағдайға байланысты екендігін атап айтқымыз келеді. Ат дүбірін естігенде арқасы қозатын халықтың қалтасында қомақты қаржы болғанда ғана атбегі болмақ.

Олай деуіміздің өзіндік себебі бар. Бәйгенің деңгейі күннен-күнге жоғарылауына ағылшын сәйгүліктерінің үлесі басым. Қар тепсе де қажымайтын қазақы жылқы тіпті ауылдық бәйгенің өзінде (қосылса да жүлде алмайды) көлеңкеде қалып жатыр. Бітімі бөлек жануарларды атбегілер көршілес мемлекеттерден әкелетінін жасырмайды. Бұдан бөлек, ел арасында екпе туралы даудың бары анық. Бәйгеге дейін салынатын түрлі дәрумендерді көрген жұрттың кеудесінде әлі де болса күдік бар.

Ветеринарлық дәріханалардың сөресінде тұрған дәрумендердің мүлде зияны жоқ. Баптау барысында сарқылған күштің орнын толтыру үшін атбегілер түрлі тәсілге барады. Аскорбин қышқылы, гамавит, катозал, натрий хлориді секілді химиялық қоспаларды екпе деуге мүлде келмейді. Осы қаңқу сөздің кесірінен атбегілерге деген құрмет азайды.

Күнін киелі жануардың қасында өткізетін олардың абыройы біз үшін маңызды. Мақсатымыз – қоғамдағы теріс көзқарасты жоюға сәл де болса үлесімізді қосу. Ақ пен қара қатар жүретін дүниеде жақтайтындар да, даттайтындар да табылады. Сондықтан, осы тақырып қозғалғанда қоғамның қақ жарылуы қалыпты жағдай.

Таза қанды жылқының пайда болуы 1960-68 жылдардан басталған. Мұны әлем мойындады. Бәйгенің классикалық түрі (ұшқыр бәйге, қысқа қашықтық) дамыған мемлекеттер үшін осы қылқұйрықтар оңтайлы болды. Елімізде бәйгенің бұл түрі енді ғана дамып келеді. Сондықтан бізге ұшқыр ат емес, тесік өкпелер керек.

Төменұршықтарға жол ашу үшін ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеуханов жарыс жолын 43 шақырымға дейін ұзартты. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Алтын тұлпар» республикалық турниріне жер-жерден жүйріктер келді. Алайда алдына қара салмаған Бақторының өзі қолтума. Қара жерді ошақтың орнындай оятын «Самал» мен «Қоянқасқаның» да тұқымы белгілі.

Айта берсек, өрен жүйріктердің қарасы көп. Тек осы күнге дейін қолтума жылқылардың ешбірінде құжат болмаған. Қынжылтатыны – доңызда  бар бір жапырақ қағаздың Қамбар ата түлігінде болмауы. Алысқа бармай-ақ көршілес жатқан Ресейден үлгі алсақ болады. Сәйгүліктері қымбат, құжаттары заңды. Қызыл қағазға мұқият қарасаңыз, еріксіз таң қаласыз. Абайдың заманында шапқан күліктерге дейін жазылған.

Демек, бізге де осы мәселені қолға алатын күн жетті. Шетелден тек қана сатып алумен шектелуге болмайды. Бәйгені бір жүйеге келтіріп, қолтума жылқының құжатын рәсімдесек, келесі бір деңгейге көтерілер едік. Яғни қолтума дегеніміз жылқының тұқымын өзімізде өндіріп, шыққан тегі Қазақстан деген атқа ие болуымыз керек.

Осы мәселенің шешімін күтіп жүргенде атбегі Мақсат Ақаев "Аltyn tulpar" Уou tube арнасына берген сұхбатында өз ойын ашық айтты. Жылқы құмар оқырман, дәл осы каналды ашып, толықтай тыңдасаңыз, көп мән-жайды түсінесіз. Қазақ бәйгесін дамытудың бірнеше жолын көрсетіп, өзінің тың жаңалықтарымен бөлісті. Осыдан соң көп кешікпей жақсы жаңалықтың шеті шықты.

Ол – атбегі Қайрат Махановтың "Қоянқасқа" атты байталына құжаттың берілуі. Ендігі кезекте ұлы аламандарда олжа салып жүрген басқа да қолтума арғымақтарға құжат беріледі деп жоспарлануда. Ағымдағы жылдан бастап жалғасын табатын бұл бастама мемлекеттің айбынын асыратын күшке ие. Сондықтан, тек қана қолдағанымыз жөн.

Құжат – елімізді әлемге паш етудің тағы бір жолы. Жоғарыда ұлы өнеріміз материалдық жағдайға байланысты деген едік. Енді осы тақырыпқа тоқталсақ. Жыл сайын елімізге әлемнің түкпір түкпірінен екі жүзден аса тұлпар келеді. Түгелдей дерлік таза қанды мініс жылқысы. Олар туралы ақпаратты ғаламтордан оңай тауып алуға болады. Бар болғаны "Гугл іздеу" жүйесіне жылқының лақап атын жазу керек. Қазақтың шежіресіне ұқсас әлгі тұлпардың арғы тегі жазылған құжат шыға келеді.

Осы тұста бұл істі бес саусағындай білетін бірқатар атбегілерді атап айтсақ: Серік Бөбекбай, Ертілеу Сатыбалды, Орынтай Әмірғалиев, Марат Акперлинов, Мақсат Ақаев, Серік Қазыбеков, Қуат Абсалямов, Марлан Бектенов, Ғалымжан Нұрбаев, Нұржігіт Табылдиев. Аталған білікті бапкерлер аламанға лайық тұлпарларды тегі мен сүйегіне қарап сатып алады.

Орташа есеппен мүсіні көз тартқан жануардың бағасы жолымен қосқанда 5000 АҚШ долларын құрайды. Қалталы азаматтар болмаса қарапайым халыққа оңайға түспейтін қаржыға айлық шығыны қосылады. Ол шамамен 100 000 теңге. Тілсіз жануарды білікті бапкерге тапсырсаңыз, кемінде 150 000 теңге төлейсіз. Сонда жылына бір аттың жем-шөбіне 1 800 000 теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Бағасы қымбат пырақты қара жарысқа қосуды кім құп көрсін?!

Кіл жүйрік қосылған бәйгеде көмбеге жетпей жығылғандарын жиі кездестіреміз. «Жақсы ат аяқтан қалады» демекші, түрлі жарақат алып қалатындары тағы бар. Оның еміне кететін қаржы өз алдына. Барына ат алып, соңында жүген ұстап қалған қазақ қаншама?

Бұл табысы жеткіліксіз адамдарды байлыққа кенелтудің орнына шығынға батырады. Ертеректе темір тұлпар тек ауқаттыларда еді. Ал қазір керсінше. Көлік екінің бірінде бар, тұлпар тек байларда ғана.

Құлагерді қазақ даласынан емес, шетелден іздеу сәнге айналған заманда Сағынайдың асына сабылып ат іздеген қазақты аукционнан табасыз. Битке өкпелеп тонымызды отқа жағудан аулақпыз. Тек «атақ» деп ертоқым арқалап қалмасақ болғаны. Сол сырттан келген "Тыз етпені" күндік жерге шаптырсақ не болады?

Егер орта жолда жұлыны үзілмесе, мені даттай берсең болады. Ал нағыз қазақ жылқысы күндік жерді аңсап тұр. Шу етіп шауып, шу етіп мәреге келген доданы қазақ бәйге деп есептемейді. Оған мейрімі қанып, қаны да қозбайды.

Бір сөзбен айтқанда, ат жарысының берекесін қашыру деп атар едім. Сондықтан, әлем мойындаған жүйріктерден бас тартпағанымыз абзал.

Жалпы, қарапайым қазақ жылқысы күндік жерге шаппақ түгілі ауылдағы қой бағудан аспай келеді. Ат додасы тек байлардың ермегіне айналды. Қалтасы жұқа қара қазақ сол дөкейлердің білегіне ілген сұлу бикеші мен шеттен келген атына қызығумен шектеліп қалды. Қолыңда өскен жылқыны сымдай тартылған сәйгүліктің додасына қосу тұрмақ, маңайына апарғанға арланатын күйге жеттік.

Сонда біздің жабыларымыз бен қолына азын-аулақ тұлпар ұстаған ағайын қайда барады? Сондықтан, ағайын, ұлттық дәстүріміз, ұлттық құндылығымыз деп жүрген ат додасын байлардың көңіл көтеретін ойынына айналып кетпей тұрғанда мына мәселеге көңіл бөлген жөн.

Мүмкіндігімізше, тегі мықты айғырлар мен биелерді әкеліп селекциямен айналысып, киелі топырақта түскен құлындарды алыс-жақын шетелдерге сатсақ, тіл мен мемлекеттің аты танылып, экономиканың дамуына бірден-бір себеп болар еді.

Ал ол үшін жылдар бойы тынбай еңбек ету керек. Қазақтың киелі жануарға деген құрметі көбеймесе, азаймайды. Дәл осыған зер салыңызшы. Егер өзіңізді ұлтжанды қазақпын десеңіз, онда осы мәселеге көңіл бөліңіз!

Дәулет ХАЛЫҚҰЛЫ,

Жетісу университетінің студенті

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан