ЖАМБЫЛҒА - 175 ЖЫЛ: МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА КЕЛДІ

Уақыты: 19.02.2021
Оқылды: 1162
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек КӨШЕРБАЕВ Алматы облысына келіп, Қарасай, Жамбыл аудандарындағы бірқатар мәдени нысанды аралады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Шарада ҚР Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Алматы облысының және Алматы қаласының әкімдері Амандық Баталов пен Бақытжан Сағынтаев, аталған екі ауданның әкімдері Жандарбек Далабаев пен Бағдат Әлиев болды.

Мемлекеттік хатшы алдымен Қарасай ауданы Шамалған ауылына барып, 2017 жылы 1 желтоқсанда пайдалануға берілген «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын аралап көрді. Бүгінде бұл орталық алыс-жақыннан саяхатшылар жиі келетін Жетісу өңіріндегі көрікті орындардың біріне айналған.

Қырымбек Елеуұлы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жерінде бой көтерген мәдениет мекемесінің көрме залдарын гид-маманның таныстыруымен көріп шықты. Орталық Елбасының өмірі мен еңбектегі жетістігінен мол мәлімет береді. Басты бағыты – халыққа мәдени және рухани қызмет көрсету. Мұнда 800-ден астам жәдігер бар. Осындағы ерекше жайттың бірі – Н.Назарбаев шығармалары жинағының басым бөлігі, әрі түрлі авторлармен жазылған Елбасының өмір жолы жайлы кітаптар шоғырланған. Мекеме аумағы 3,5 гектар жерді алып жатыр.

Қырымбек Көшербаев Үшқоңыр ауылдық округінің аумағында орналасқан «Үшқоңыр» дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне атбасын бұрды. Мәртебелі мейман спорттық нысанының ішін аралап, жүзу бассейнін, волейбол және баскетбол, конференц-залдарын көрді. 2019 жылы пайдалануға берілген нысанның құны – 6 259,46 млн.теңге, жалпы ауданы – 16 мың шаршы метр. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы іске асырылған.

Мұнда балаларды дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуға барынша көп тарту үшін барлық жағдай жасалған. Одан кейін Жамбыл ауданына жол тартқан Мемлекеттік хатшы Майтөбе етегіндегі Жамбыл ауылының төрінде орналасқан жыр алыбының музейіне табан тіреді. Жамбыл Жабаевтың музейі алдындағы бюстіне гүл шоқтарын қойды. Музей аумағындағы поэзия алыбының рухына құран бағышталды. Сондай-ақ, осындағы қазақтың шебер күйшісі, аса дарынды композитор, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің мәңгілік мекенінде тәу етіп, ұлттың ұлы тұлғасына құрмет көрсетті.

Жамбылдың әдеби-мемориалды музейін аралаған Мемлекеттік хатшыны ондағы жәдігерлермен музей меңгерушісі әрі ақынның ұрпағы Салтанат Жамбылова таныстырды. Ақынның мұрасы, алдағы 175 жылдық мерейтойын атап өтуге туған жерінде қолға алынған дайындық барысы қозғалды.1947 жылы пайдалануға берілген тарихи нысанға кейін бірнеше рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1996 жылы конференция залы қосып салынған болатын. Бүгінде музейдің ішкі көлемі 1200 шаршы метр. Қызметкерлер саны - 13. Музейдегі экспонат саны – 3208, оның ішінде, басты қор – 2935.

Музей жанында Қырымбек Елеуұлы журналистерге сапарының мақсатын түсіндіріп, былай деді:

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен өткен аптада Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған іс-шараларды ұйымдастырып, өткізу үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Келесі аптада комиссияның бірінші отырысы болады. Ақпанның 28-інде Жамбыл атамыздың туған күні екенін білесіздер. Соның қарсаңында 26 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында және Қазақстанның барлық елді мекендерінде, сондай-ақ, шетелдерде ақын ескерткішіне, бюстерге гүл шоқтары қойылып, әр түрлі іс-шара өткізіледі. Президенттің, Елбасының тапсырмасымен бүгін осында Алматы облысының және қаласының басшылығы, Мәдениет министрлігі, Жазушылар Одағы бар, бәріміз келіп, Жамбыл атамыздың басына тәу етіп, ниетімізді білдіріп, іс-шаралардың алғашқы қадамын жасап отырмыз. Біз өткен жылы хәкім Абайдың 175 жылдығын атап өттік. Бұл кісілер бір дәуірде, бір заманда өмір сүрген адамдар. Хәкім Абай қазақтың жазу әдебиетін қалыптастыруда үлкен рухани мұра қалдырса, Жамбыл - эпикалық ақын, импровизатор ақын. Біздің айтыс өнерімізді Ресейдің үлкен жазушы-сыншысы академик Ф.Кузнецов өте жоғары бағалаған. Ол "Айтыс болу үшін қара да, төре де, би де, кедей мен бай да бәрі тең болу керек. Сіздерге – қазаққа тәуелсіздік жарасады. Өйткені, әлеуметтік әр түрлі сатыда болғанмен де, айтыстың тәуелсіздігі өте жоғары" деген. Мұндайдан сөз қадіріне деген үлкен құрметті байқаймыз. Жамбыл айтыс өнерінің шыңында тұр. Оған өнердегі ұстазы Сүйінбай бабамыздың ықпалы зор. Сондықтан, осы үлкен рухани дәстүрді жалғастыруымыз керек. Біз 21-ші ғасырдың әр түрлі шақыруларына лайықты жауап беру үшін ұлттық құндылықтарымызды сақтауға тиіспіз. Осы орайда біздің Рухани жаңғырудағы ең бірінші еске түсетін тұлғаларымыздың бірі Абай мен Жамбыл. Ұлтқа қызмет еткен осы қос алыптың рухына тағзым етіп, басымызды иеміз. Ниетіміз қабыл болсын, - деді Қырымбек Елеуұлы.

Қырымбек Көшербаев баспасөз мәжілісінен соң Сүйінбай Аронұлының кесенесіне барды. Кесене Қарақыстақ ауылының оңтүстігіндегі беткейде. Мемлекеттік хатшы мұнда да Жетісу ақындарының алтын діңгегіне баланған жыр дүлдүлінің рухына тағзым етті. Бұл кесене 1996 жылы салынған. Биіктігі 13 метр мемориалдық кешен екі ғимараттан: мазар және мешіт үйінен тұрады. Қызыл кірпіштен қаланған мазардың сәулеттік-құрылымдық шешімі арқылы ақынның асқақтаған көңіл-күйін бейнелейді. Төбесі шаңырақ тәрізді көмкерілген.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Қарасай, Жамбыл аудандары

Алматы облысы