ЛАТЫН ӘЛІПБИІМЕН ЖАЗУ - КӨПӘРІПТІ КИРИЛЛИЦАДАН ӘЛДЕҚАЙДА ОҢАЙ

Уақыты: 25.02.2021
Оқылды: 1397
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазіргі таңда ұлт болашағы үшін өзекті мәселелер қызу талқылануда. Соның бірі – латын әліпбиіне көшу.

Осынау маңызды мәселенің оңтайлы шешілуі үшін тіл саласына еңбегі сіңген, ұлт болашағын бәрінен биік қоятын білікті де білімді мамандар кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне көшу түрлі нұсқаларды қарап, қызу жұмыс жүргізуде. Латын қарпіндегі қазақ әліпбиі стандартына қатысты мамандар пікірін ұстаздар қауымы да қолдайды. Себебі, өскелең ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру жолында аянбай тер төккен ұстаздар үшін де бұл үлкен әрі жауапты жұмыс болмақ.

Латын әліпбиіне көшу арқылы біз үлкен жетістікке жететініміз анық. Мәселен, қазіргі жаһандану заманында көптеген жаңа сөздер, жаңа терминдердің барлығы латын әліпбиімен жазылуда. Сондықтан да, бүгінгі жастар үшін жаңа әліпбиді меңгеру әлдеқайда оңай. Қазақ тілін көпәріпті кириллицадан гөрі латын әліпбиі арқылы таңбалау екі есе жеңіл екенін естен шығармаған абзал.

Латын әліпбиіне көшу үшін біршама бастапқы жұмыстар нәтижелі атқырылуда.

Атап айтар болсақ, интернет желісінде де латын әліпбиіне аударатын арнайы жүйе орнатылған. Қазіргі кезде бұл тек орыс графикасына арналып жасалыпты. Ал қазақ графикасына арналған транскрипция орнату болашақтың еншісінде. Бірақ бұл жұмыс та уақыты келгенде іске қосылады деген ойдамыз.

Латын әліпбиіне көшу біздің ұлтымыз үшін үлкен мүмкіндік. Ең бірінші, қазақ деген текті халықтың санасы қаншама жылдан бергі отарлық езгіден толықтай арылып, табиғи тіліне қайта оралады. Тіл тазалығын сақтауға баса көңіл бөледі. Екінші, латын әліпбиі арқылы әлеммен емін-еркін ықпалдасып, кезінде Алаш арыстары тұсында қолданылған төл әліпбиімізге қайта оралып, Рухани жаңғыру жолындағы биік белесті бағындыруға айқара жол ашылады деген ойдамын. Үшіншіден, тіліміз ІТ саласында айналымға еніп, технологияның кез келген жүйесінде кеңінен қолдануға мүмкіндік туады.

Ақжан АБИТАЛИЕВА,

№2 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан