МЕКТЕП МҰҒАЛІМДЕРІНЕ ЛАТЫН ӘЛІПБИІН ҮЙРЕНУ КУРСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 26.02.2021
Оқылды: 881
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшірудің еліміздің болашағы үшін маңызы зор. Осыған орай №2 орта мектепте латын қарпіне көшуге дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында оқу жылының басынан мұғалімдерге латын әліпбиін үйрену курстары ұйымдастырылуда. Мектеп кітапханасында «Латын тілін үйренеміз» тақырыбында ақпараттық бұрыш дайындалды.

Қазақ тілі мен әдебиеті әдістемелік бірлестігінде мұғалімдер А.Тұрысбекова мен С.Абишеваның ұйымдастыруымен «Латын әліпбиіне көшу – өркениетке қадам» атты «дөңгелек үстел» өтті. Онда ұстаздар әдістемелік бірлестіктің іс-шараларына тоқтала отырып, латын әліпбиіне көшудің басты қадамдары, еліміздің өркендеуіне тигізер пайдасы жайлы өз ойларын ортаға салды.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Қ.Сәрсенова мен А.Сағынғанова «Тіл – бар білімнің кілті»  атты тіл мерекесіне орай ұйымдастырылған онкүндікте  9-11-сынып оқушылары арасында «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің атасы» тақырыбында интеллектуалды сабақ өткізді. Онда оқушыларға қазақ әліпбиінің негізін қалаған ғалым А. Байтұрсынұлының қазақ тіліне қосқан үлесі жайында және латын әліпбиінің ерекшелігі мен маңыздылығы туралы мағлұмат берілді.

Тарих пәндері әдістемелік бірлестігінің мұғалімдері де «Латын тарихы және ғылымдағы маңызы» тақырыбында семинар өткізді. Семинарда бірлестік жетекшісі Г.Мажиратхан қазақ тіліне негізделген латын әліпбиіне кезеңмен ауыстыру жайын айта келіп, латын әліпбиіне көшудің терең тарихи мәні бар екендігін түсіндіріп өтті.

Қазақ тілі мен әдебиеті әдістемелік бірлестігі және пән мұғалімі А.Кабидулданова 9-10 сыныптар арасында «Латын әліпбиіне көшудің тиімді-тиімсіз жақтары» тақырыбында дебат өткізді. Сонымен қатар, ағылшын тілі әдістемелік пән бірлесігі «Латын әліпбиінің ағылшын тілімен ұқсастығы және айырмашылығы» тақырыбында дискуссия жүргізді.

«Латын әліпбиін білім беру жүйесіне енгізудің эксперименттік  тәжірибелері» тақырыбында облыстық семинар-практикум болып өтті. Онда №2 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Тұрысбекова баяндама жасап, өз тәжірибесімен бөліскені үшін  Құрмет грамотасымен марапатталды.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Көш жүре түзеледі» дейді дана халқымыз. Ендеше жүрегі елім, жерім деп соққан әр азамат еліміз үшін жасалып жатқан әр іске ат салысып, өз үлесімізді қосуымыз керек.

Латын графикасына негізделген әліпбиге көшу – егемен еліміздің жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, жан-жақты дамуына жасалған маңызды қадамдардың бірі. Болашақта халқымыздың алға жылжуына үлкен септігін тигізіп, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз.

Айгүл ҚАНАПИЯҚЫЗЫ,

№2 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы