"ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІН БАСҚАРҒАН РЕДАКТОРДЫҢ ҚОЛЖАЗБАСЫ ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 04.03.2021
Оқылды: 2258
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақтың алғашқы кәсіби журналистерінің бірі Сабыр Айтқожин (1895-1938) «Тілші» газетінің ("Жетісу" газетінің бұрынғы атауы) жауапты шығарушысы, яғни, бас редакторы (1925-1928 жылдар) болғанын біреу білсе, біреу білмес. Жуырда газетте басшылық қызмет атқарған аңыз тұлғаның қолжазбасы табылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

«Талдықорған мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесі қорында беті ашылмаған талай тарихтың құпиясы жатқанын шаң басқан бумаларды абайлап ашқанда байқадық. Соның бірінен кешегі «Тілші» (бүгінгі «Жетісу») газетінің (1922-1928) жауапты шығарушысы (бас редакторы) болған Сабыр Айтқожаұлының (Сабыр Айтқожин) қолжазбасын кездестіріп қалдық. Онда Сабыр Айтқожаұлының Жаркент уезіне 1925 жылы 8 июньде (маусым) жазған хатының түпнұсқасы сақталған.

Хаттың ұзын-ырғасы былай: «Тілші» басқармасы сіздерді бәсекелестіреді. Біріңнен-бірің кем қылмауға тырысыңдар! Онымен бірге сіздерден мынаны сұраймыз. Ел қараңғы, надан, әлі еш нәрсенің ығын біліп, орнына жұмсауды білмейді. Алдымыздағы 8 июнь тойы мал шаруа күнімен біріктіріліп жасалғалы отыр. Ауыл да, дала да бәйге тігіп, ат шабу болады, көк бөрі болады. Ат шапқанда тігілген пайданы аты озғандар алғанымен «Олжа» деп көрінген ақсақалдардың қолында бір жапырақ кетеді. Онымен олар жөндеп пайдаланып іске жарата алмайды. Міне, осыны сіздер күні бұрын алдын алып, халықтың өз ықтиярымен бәйгеге тігілетін малдар жиналып, қарасы көрінген соң-ақ елге үгіт, насихат жүргізіп, бәйгені «Тілші» газеті басқармасының пайдасына қалдырыңыздар. Бәйгеге тігілген тоқты-торым, өгіз, сиыр, жылқы, қой, ешкі болса да, тері-терсек болса да, алып, сомалап, пәлен «Қосшы» ұясына пәлендей «Тілші» газетіне жинап жібер деп басқармаға жіберіңіздер. Қысқасы, елдегі 8 июньде болатын тойдағы бәйгені «Тілші» газетіне жинап жібереді деп сенеміз Бұл тұрада сенім зор. Сенімді орындау сіздерден. Ортақшылдық сәлем хат. «Тілші» газетінің жауапты шығарушысы Айтқожаұлы (Сабыр деп қол қойылған). Губком қосшысының бастығы: Есіргепов".

Хаттың түпнұсқасы «Талдықорған мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесі  қорының 1129 қор, 1 тізім, 16 бума, 344 іс, 59 бетінде тігілген. Хатта жазылған уақыты нақтылы көрсетілмеген. Алайда осы хат тіркелген бумадағы басқа материалдар 1925 жылдың еншісіндегі дүниелер. Сондықтан, бұл хат 1925 жылдың алғашқы жартыжылдығында жазылды деп қорытынды шығаруға болады.

Әрине, хаттың соңына қолы қойылған Сабыр Айтқожаұлы (Айтқожин) кім?

Ашық дерек көздеріне үңілсек, Сабыр Айтқожин - 1895 жылы 29 наурызда бұрынғы Ақмола губерниясы, Көкшетау уезінде туып, 1938 жылы 19 ақпанда Шымкент қаласында атылған қазақтың тұңғыш журналистерінің бірі. Арғын тайпасы атығай руынан шыққан. 1919 жылы Уфа қаласындағы "Ғалия" медресесін бітірген соң, Көкшетау, Омбы, Орынбор қалаларындағы халыққа білім беру бөлімдерінде нұсқаушысы болып жұмыс істейді. 1920 жылы Мәскеуде өткен бүкілресейлік ұлттық съезінің жұмысына қатысты. Омбыда "Кедей сөзі" газетінде редактор, Ақмола уездік комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Петропавлдағы "Бостандық туы" газетінің редакция алқасын басқарады. 1925 жылғы қаңтарда Орынбор қаласында өткен Кеңестердің 4 бүкілқырғыздық съезіне делегат болады. 1925 жылдан Алматыда тұрып, өлкелік комитеттің тапсыруымен губкомның "Тілші" ("Жетісу") газетінің жауапты редакторы болып жұмыс істеді. "Қосшы" одағының төрағасы қызметін қоса атқарды. Одан ары Жетісу губкомының бюро мүшесі, өлкелік 4 партия конференциясының делегаты, ҚазАКСР Кеңестері 4 съезінің делегаты, ҚазОАК мүшелігіне кандидаты, ҚазАКСР Халком Кеңесінде жауапты хатшы, іс басқарушысы, ҚазАКСР-дің 15 жылдығына арналған ҚазОАК мерекелік сессиясының делегаты, 1936 жылы Тараз қаласындағы аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып жүріп, 1937 жылы қазанда тұтқындалды. 1938 жылы 19 ақпанда Шымкентте атылып, 1957 жылы ақталады.

Осындай қадау-қадау өмір жолын басып өткен Сабыр Айтқожаұлының «Тілші» газетіндегі шұғылалы өмір жолы туралы қазірге дейін кешенді зерттеу жұмысы жүргізіле қоймағаны анық. Бүгінгі «Жетісу» газетіне қатысты шаң басқан архивтерді ақтарсақ, 1918-1929 жылдар арасындағы «Жетісу ішші халық мұқбыры», «Көмек», «Ұшқын», «Бұқара», «Кедей еркі», «Тілші» басылымдарында ("Жетісу" газетінің бұрынғы атаулары) жұмыс атқарған аға буынның біразына қатысты дәлел мен дәйек табуға болады.

Қажет АНДАС

Алматы облысы