АДАМЗАТ НАУРЫЗ МЕЙРАМЫН БЕС МЫҢ ЖЫЛДАН БЕРІ ТОЙЛАП КЕЛЕДІ

Уақыты: 21.03.2021
Оқылды: 2061
Бөлім: ТҮПСАНА

Наурыздың парсыға да, жалпыға да, мұсылмандыққа да қияқтай қатысы жоқ, ықылым замандардан таза түркілік мейрам, тамырымызда бүлкілдеп жатар ізгі қасиеттеріміздің тынысты бейнесі екендігіне ендігі жерде бопса жүрмейді! Мұны бүге-шігесіне дейін бұрнағы жылдары қағидалай қаттап, қазып та, жазып та қалдырғанбыз, қал-қадірімізше. Бағзы заманнан ата-бабаларымыз тоғыз күнге дейін тойлаған. Еліміздің батыс өңірлерінде аталмыш мейрам жергілікті әдетке сай 14 наурыздан бастау алған. Демек, мүшелдік жыл басы осы күні кіреді деген сөз. Бұл күн – бұрынғыша алғанда бірінші наурыз.

Дәйектемемізді бедерлей түскен зерделі зерттеуші Серік Ерғали: «Наурыз мейрамының «төлқұжатын» таптым десем болады. Алматының солтүстік батысындағы 170 шақырым жердегі Аңырақай тауында шамамен 5000 жыл бұрын жартаста қашалған ежелгі суреттер бар. Бұлардың бәрінің астында айуан бейнесіндегі он екі адам билеп жүр. Бұл – ежелгі наурыз мерекесінің рәсімі, жоралғысы! Бұл Күн мен Түннің теңесу сәті», – дейді қуана!

Барымызды бағдарлай алмауымыздың себебі сол – тарихи сананың тайызданып, тағылым атаулыдан құралақан қалғандығымыз. «Ештен – кеш» деп жұбатамыз тағы да өзімізді. Тәуелсіздік көшінің ендігі жерде көрікті болуы, үлкенді-кішілі іс-шараларымыздың өнікті шығуы бұқаралық белсенділігімізге байланып тұр. Төл мейрамымызды ұлықтай алмасақ – тарихи тағылымсыздық қайталай алқымымыздан алмақ!

Міне, сондықтан да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн», - деп шегелеп берді.

Айтуға ұят, наурызды қайталай тойлай бастағанымызға отыз жылдан асса да, әлі сол үй тігіп, көже қотарудан, этнографиялық жаттанды көріністерді тықпалаудан аса алмай жүрміз!

Наурыз мейрамы, шынтуайтына келсек, жалпыадамзаттық күнтізбелік мерекеден әлдеқайда артық. Ең алдымен, бұл тұста табиғат жаңғырып, тіршілік бойындағы тылсым бастаулар ашылады. Күш-қуат еселеніп, жайнақ жақсылыққа деген құштарлық артып, жанды атаулыны еркінен тыс іңкәрліктің кәусар сезімі баурайды.

Осынау Көк Тәңірі құдіретімен әлемді аялар ақ көгершін аңсарды алдымен өз бойымызға сіңіре алмасақ, не болғанымыз?! Саф салтымыздың жайнаған шоғы санамызды сәулелендірмейінше сәніміз де, мәніміз де сол күні кешегідей қыр астында қала бермек. Яки, мемлекеттік жүйеміздің барлық құрылымдарында ұлттық құндылықтарымызға иек арта алмасақ – өзгесінің бәрі бос сөз!

Қазақ мемлекеттілігінің түп-тамырынан нәр алар тарихи және мәдени жауһарларымызды, әсіресе, шешендік сөз, бай фольклор, күмбір күй, самғау ән, ерлік пен адамгершілікті паш етер дастан, шежірелерімізді сала-сала күйінде жарқырата көрсетіп барып, хан-қағандарымыз бен би-батырларымыздың даналығын көрсетсек қана өскелең ұрпақ жадына жұлдыз жамыратамыз. Оның үстіне еліміздің тек қазба байлықтарымен ғана емес, рухани болмысымен де дара тұрғандығын дәлелдер едік өзге өзеурей қараған жұртқа.

Қашанда зымыран уақыт жалынан ұстатпаған, тіпті қол жүгірткізбейді де. Бүгінгі таңсығың – ертеңгі қаңсыққа айналуда. Құлақ естіп, ойға оралмаған небір жөнсіздіктер мен тексіздіктер төрт құбылаңнан барған сайын тебіндеп барады. Басқаны былай қойғанда, ертең қай қайраңнан табыларыңды шамалау үшін де дүниетанымың мен түйсігіңді қамшылап әлексің. Онда да қамшылар қажетің табылып жатса бойыңыздан. Табылмаса қайтпекпіз?!

Міне, сондықтан да Жыл басы, Көш басы, Жер-Ананың мейірленер мерейлі шағы – Наурыздаманы тіршілік тініне, елдік шеруіне, жарқын кезеңімізге жұмыла ұластырайық, ағайын!

Әміре ӘРІН,

"Жетісу" газетінің бас редакторы,

Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты,

Қазақстанның Құрметті журналисі