ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫ ДАМЫТУ ҮШІН ДОМБЫРА ҮНІ ҚАЖЕТ: МҰҒАЛІМ МІНБЕРІ

Уақыты: 29.03.2021
Оқылды: 1236
Бөлім: ТҮПСАНА

Өнер мектебінде көптеген талантты бала білім алуда. Сол жеткіншектердің жолын ашып, бойындағы бар қасиетін жұрт алдына шығару жолында үлкен еңбек керек. Әсіресе, өзім қызмет істейтін Ақсу ауданындағы Исатай Исабаев атындағы өнер мектебінде талантты балалар жетерлік. Олар қазақ халқының ұлттық мұрасы, ән-күйін жетік меңгерген.

Атап айтқанда, күй өнеріне деген қызығушылығы жоғары, оның тарихына бойлай отырып, шығарманы орындайды. Әр балаға жеке талдау жасай отырып, ұлттық мұраны жете түсіндіреміз. Осы орайда өнер мектебінің оқушыларына күй өнері жайлы жан-жақты мағлұмат береміз. Сол кезде бала шығарманы бойына еркін сіңіріп, асқан шеберлікпен орындайды.

Қазақ халқының рухани дүниесінде күй өнерінің алатын орны ерекше. Күй - қазақ халқының рухани болмысының, мәдениетінің, дүниетанымының тұғыры биік асыл мұрасы. Халық күйлерінің әуендік сипаты, көркемдік образы, философиялық ой тереңдігі халықтың талғамы мен танымының ерекшелігін көрсетеді.

Үш әлеммен байланысқан құдірет - домбыра өнері ұлттық идеологияны дамыту үшін де керек. Ұлттық идеологияда домбыра әуенін ұстанбай, ұлттық құндылықтарды сақтап, жалғастыру қиын болмақ.

Жерден өнген өнімдер адам қорегіне қажет болса, домбырадан шыққан күй - адамның рухани жан азығы. Демек, айналаны қоршап тұрған дыбыс екен, ал оны жағымды әуендерге айналдырып жеткізетін - домбыра аспабы. Егер қоршаған айналаның дыбыстары түгел жойылатын болса, онда адамдардың өмір сүру қабілетіне нұқсан келген болар еді. Мысалы, қазіргі үлкен қалаларда құстардың табиғи сайрауының жоқтығы үлкен ой салады.

Күй - өте көне өнер, оның шығарма ретінде қалыптасуы ұлт емес, ұлыстық дәуірден бастау алады. Ұлыстық дәуір мәдениеті Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы замандарынан сыр тартады. Қазіргі аңыз күйлердің ішінде сол замандардан қалған туындылар мынау еді деп айту мүмкін емес, ал, әдеби мұраларымыз сақталған.

Күй аспапты музыка ретінде сөзге кіріптар емес, өмір, тіршілік дерегін білдіретін ең мәнді сөз немесе сөйлем көп ретте күйдің әуендік буын ырғағына ғана әсер етеді. Мысал үшін Ілияс Жансүгіров үшін күй "сыбырлайды", "мұңаяды", "толғанады", "зарланады", "бұрқырайды", "сарнайды", "ақтарылады", "лепілдейді", "сылдырлайды", "күмбірлейді", "сыңқылдайды", "күркірейді", "сорғалайды", "еркелейді", "тербейді". Бұл мысалдан музыканың, оның ішінде күйдің де сезімдік тілі өмірдің өзіндей шексіз екенін білуге болады.

Шынар МЫРЗАБЕКОВА,

Исатай Исабаев атындағы өнер мектебі домбыра аспабының мұғалімі

Ақсу ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан