Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БАЛАҢЫЗ АСЫҚ ОЙНАЙ МА? ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНЫ ҰМЫТЫЛЫП БАРАДЫ

Уақыты: 05.04.2021
Оқылды: 406

Қай елдің болсын қалыптасып өркендеуі дәстүрлі ұлттық тәрбиемен, рухани құндылықтармен сабақтасып, жүзеге асатындығы белгілі. Сол себептен де бүлдіршіндердің бойына ұлттық құндылықтарды дарытып, рухани бай мұрамызды бойларына сіңіре тәрбиелеудің маңызы зор.

Елбасымыз жариялаған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының көздегені де осы, яғни, төл дәстүрімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді жаңғырту, дініміз бен тілімізді өркендету.

«Мәңгілік Ел» патриоттық актісін жүзеге асыратын жастар болғандықтан оларды бала кезінен бастап, ең алдымен, білімді, ұлттық құндылықтар мен заманауи игіліктерді өз бойына біріктіріп, ұштастыра білетін, өз елінің нағыз жанашыр азаматтары ретінде қалыптасуға тәрбиелеу біздің міндетіміз. Осы орайда салт-дәстүрімізді қастерлеп, бабалар ерлігін насихаттау, тарихи тұлғаларға еліктеуге, тарихи оқиғаға байланысты ойларын айтқызу, қиялын шарықтату барысында отаншылдыққа баулу мектепке дейінгі тәрбиеде өз нәтижесін берері хақ. Бұл ретте ұлттық ойындардың да бала тәрбиесінде берер жемісі мол.

Бала ойын арқылы ұлттық тәлім-тәрбиенің үлгісін саналы түрде бойына қабылдайды. Осы орайда асық ойындарының орны ерекше. Асық жайлы батыр атамыз Бауыржан Момышұлы: «Асық – үлкен халықтық тәрбие», – деген екен. Бұл сөздерде үлкен мән-мағына жатыр.

Асық ешбір зиянсыз табиғи зат болып табылады. Оның бала өміріндегі маңызы орасан зор. Асық ойындарын ойнау кезінде баланың түрлі танымдық қабілеттері дамып, денсаулығы нығаяды. Ой-қабілеті шыңдалып, дәлдікке, ептілікке, ширақтылыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа, сыйластыққа тәрбиеленеді. Бұл ертеден мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабаларымыздың қолданысында келе жатқан көне ойын түрі. Ертеде ата-бабаларымыз асық ойынын балаларына жас кезінен бастап үйрете бастаған. Біз де осы үрдісті қолға алсақ бала тәрбиесінде ұтылмасымыз анық.

Балабақша жеткіншектері еліміздің ертеңі, болашақ иесі болғандықтан дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзінің төл дәстүрін білетін, сыйлайтын, рухани дүниесі бай, саналы, ойлы азаматтар болып қалыптасуы тиіс. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесін, мәдениетін жасөспірімдер бойына сіңіріп, қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, мінез-құлқын, өмірге деген көзқарасын, бағытын дұрыс қалыптастыру тәрбиеге байланысты.

Мектепке дейінгі мекемелерде адамгершілік тәрбиесі әртүрлі іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Олармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады. Қазақ халқының жылдар бойы атадан балаға жалғасып, қалыптасқан ұлттық дәстүрі, әдет-ғұрпы, тәрбие мектебі бар. Баршамызға белгілі, ойын арқылы баланың дене құрылысы жетіліп, өзі жасаған қимылына сенімі артады. Баланың бойында ойлау, тапқырлық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық, белсенділік қасиеттер қалыптасады. Ойын дегеніміз – жаттығу, ол арқылы бала өмірге әзірленеді.

Ойын – мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті. Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Балалықтың қанына ойын азық», – деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады.

Ойынға тек ойын деп қарамай, халықтың асыл қазынасы, бір жүйеге келтірілген тамаша тәрбие құралы деп қараған орынды. Ал асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, физиологиялық, психологиялық жағынан дамытады. Бұл – асықтың құдіреті. Ол арқылы бала дәлдікке, шапшаңдыққа, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиеленеді. Мұндай қасиеті болмаса, адамда төзімділік, шыдамдылық та болмайды.

Асық ойындары қазақ халқының өмірінде ерекше орын алғандығына мынандай мысалдар бұлтартпас дәлел болады деп ойлаймын: Бірінші мысал. Халқымызда «асығың алшысынан түссін» деген жақсы тілек бар. Бұл әр істе жолың болсын, сәттілік серік болсын, мерейің үстем болсын деген мағынада айтылады. Өкінішке қарай, бұл күнде асықтың осыншалықты зор пайдасы ескерілмейді. Ауылда қап-қап асық жинап ойнайтын бала азайып, қалалық жердегі балалар мұндай ұлттық ойын бар екенін де ұмытып барады.

Балабақшадағы бала тәрбиесінде мен өзім асықты жиі қолданамын. Әсіресе, оны таңғы жаттығу барысында тиімді қолдануға болады. Асықты ойыннан бөлек, балаларды жан-жақты дамыту мақсатында ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде пайдаланамын.

Асықты ұстау балалардың саусақ буындарына өте пайдалы, моторикасы дамиды. Саусақтармен жұмыс жасау арқылы саусақтары иілгіш болып жаттығады. Мұның бәрі баланың қиялы мен ойын, ұшқырлығын, зейінін жан-жақты дамытады. Асық терапиясы балалардың қимыл-қозғалысын реттеуге, кеңістікті бағдарлай білуге, сөздік-логикалық ойлауды сатылай қалыптастыруға, шығармашылық ойлауға, бірлесе әрекет етуге тәрбиелейді. Сондықтан мазмұнды ойындар, жаттығулар құрастырып, оқыту барысында қолданамыз.

Асықты пайдалана отырып санау, құрастыру, асық үстінен жүру, математикалық логикалық тапсырмаларды шешу сияқты әртүрлі оқиғаларды ойлап тауып, өзіміздің біліміміз бен өмірлік тәжірибемізді, қоршаған әлемнің заңдылықтары мен оқиғаларын қатыстыра отырып, оқу іс-әрекетін ұйымдастырамыз.

Қорыта келгенде айтарым, бүгінде біздер осы асық ойынының мектеп жасына дейінгі бала тәрбиесіндегі алатын орны зор екенін ескере отырып, оны күнделікті балабақшада баланың ой-өрісін жан-жақты дамыту мақсатында пайдалануымыз қажет дегім келеді. Ойнай бiлген балаға асықтың пайдасы орасан зор. Асық ойыны балаларды мергендiкке, ептiлiкке баулиды. Бұған қоса аяқ-қолдың қимылын жақсартып, денсаулыққа көп пайдасын тигiзедi. Балалардың ойлау қабілетін дамытады, жан-жақты дамуына ықпал етеді, адамдармен тез тіл табыса білуге үйретеді.

Г.МОЛДАХМЕТОВА,

«Балдырған» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі

Сарыөзек ауылы,

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы