ЕЛІМІЗДІҢ ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ НЕДЕ? СЕНАТОР СҰЛТАН ДҮЙСЕМБІНОВТІҢ МАҚАЛАСЫ

Уақыты: 01.05.2021
Оқылды: 2162
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақ үшін ел, жер, ұлт ұғымдарының маңызы қандай биік болса, берекебірлік пен татулықты сақтаудың, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білудің де орны алабөтен. Оған байырдан жеткен бабалар мұрасы, қазыналы қариялардан қалған құнды сөз, тағылымы терең жыр-дастан мен небір мазмұнды аңыз-әңгімелер дәлел. Барлығы демесек те, біздің буынның басым көпшілігі бала жасынан қалалы жерден шалғайда шаң қауып, топыраққа аунап, ауыл ақсақалдарының алдын кес-кестемей, аталы сөзіне құлақ асып өсті. Көненің күмбіріндей сол аталарымыздың қоңыр үні мәңгі құлағымызда қалып қойды. Олар ақ дастарқан басында ауызбіршіліктің мән-маңызы жайлы әңгіме тиегін ағытып, бай әдебиетіміздің бір бөлігінен сыр суыртпақтап отыратын. Ойын баласы болсақ та, ойлы сөзді санамызға тоқып алатынбыз. Бірлік бар жерге бақ құсы қонақтап, ынтымақты елге ырыс тұрақтайтынын бала көңіл дәл сол кезде жадағай қабылдаса да, кейіннен түрлі қызмет саласында жүргенде көкірегімізге құйылған кредоға айналды.

Ойлы оқырман өзі де парықтап отырған шығар, ел ішіндегі ауызбірлікті сақтап, достықты дәріптеуде ақсақалдар институтының орны бөлек. Қазіргі таңда осы құндылыққа қанша жерден қатты мән беріп қарағанымызбен бабалардан жеткен нәзік жүлге жандандыруды, қолдауды қажет етіп тұр. Жан-жақтан қысқан жаһандық ағын жастарды былай қойып, ендігі аға буынның өзін де шырмап, ұлттық кодымызды ұмыттырып бара жатқандай.

Осындай рухани қауіп-қатердің алдын алуда, ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды қайта жандандыруда мемлекет тарапынан қабылданған бірегей бағдарлама – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Рухани жаңғыру» дер едім. Алтын арқауы Тұңғыш Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан бастау алған жоба кейіннен «Ұлы Даланың жеті қыры» концепциясымен жалғасын тапты да, бұл қадам мемлекетіміздің руханият саласындағы маңызды бетбұрыс болып қала берді. Елбасының мәні терең екі мақаласы да мыңжылдықтар жасырынған терең тарихымызды түгендеудің маңызын ұқтырумен бірге ұлттық кодымызды жаңғырту, ел бірлігін сақтау, дәстүр-салтымыздан ажырамаудың мәнін түсіндірді. Сондықтан, бұл бағдарлама уақытында қабылданған, арада қаншама жылдар өтсе де өзектілігін жоймайтын еліміздің рухани тұсбағдары ретінде мәңгі жұмыс істейтіні сөзсіз.

Ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи санамызды, кешегі кеңестік саясат салқыны тиіп, ажырап қалған түп-тамырымызды қайта жаңғырту жолында әдеби мұрамыздың рөлі зор. Ондағы ел бірлігін сақтау, Отанын сүю, қажет болған жағдайда қасық қаны қалғанша оны қорғау, отбасылық құндылықтарды қадірлеу секілді тәлім-тәрбиелік мәні ерекше әдеби қорымыз шаң басқан мұрағаттарда немесе кітапхананың сөрелерінде тұрмауы тиіс.

Қарапайым мысал ретінде, жоғарыда айтқанымыздай, бала шақтан құлағымызға құйылған сара сөздер кейінгі өмірімізде көп көмегін тигізді десек, артық айтқандық емес. «Тозған қазды топтанған қарға алады», «Көнектен шошынған бие оңбас, көптен бөлінген үй оңбас», «Қол жұмылмай жылынбайды», «Тірлік басқа болса да, тілек бір, бармақ басқа болса да, білек бір» немесе «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деген сияқты мазмұны терең азды-көпті мақал-мәтелдің талайын ауыл ақсақалдарынан естідік. Кейінгі жастар осындай ауыл көмбесінен алыстап қалды ма деп алаңдаймын. Сол себепті Рухани жаңғыру аясында ауыз әдебиеті мұраларын, оның ішінде, мақал-мәтелдерімізді де тірілтіп, ұрпақ тәрбиесінде ұтымды пайдаланғанымыз жөн. Өйткені, ұлттық тамырынан ажырап, абыздардың әңгімесінен шет қалған ұрпақ болашақта береке-бірліктің салмағын, елін, жерін сүюдің парқын сезінбей өсетіні анық.

Қазіргі таңда желілерде ұлт араздығын қоздыратын бейнежазбалардың жиі-жиі қылаң беруі, бір-бірімен балағаттасып жататын ой-пікірлердің көбеюі, өңірлерде, аудан-ауылдарда телі-тентегі сөзге келіп қалса, арандатушылардың ақ-қарасын ажыратпай, болған жайдың мән-жайын жете білместен жалаулатып әкетуі, сондай асығыс тараған ала-құла ақпараттың салдарынан қарапайым ел-жұрттың зардап шегетіні ащы шындық.

«Ауруын жасырған өледі» дегендей, мұндай келеңсіз көріністердің көбейгені тарихи санамыз әлсіреп, бабалар жолынан жаңылыса бастағанымыз ба дейсің. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Десек те, бірлігімізге сызат түсіретін осындай оқиғаларды болдырмау, жастармен тәрбие жұмысын жүргізу, қоғамда ауызбірліктің маңыздылығын түсіндіру – әрқайсымыздың мойнымызға артылған міндет. Ел ішінде арагідік кезігетін осындай «сыздауықтардың» соқтасын алып тастамаса, ертеңгі күні кеш қалатынымыз айқын.

Ең басты құндылық – ел бірлігі екенін бүгінгідей дүние дүрмекке толы заманда ұғыну аса маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Біз бір ел, біртұтас халық болып тәуелсіздігімізді нығайттық. Халықаралық қоғамдастықта абырой-беделімізді арттырдық. Біздің бірлігіміз бекем, мақсатымыз ортақ, рухымыз асқақ. Соның арқасында кез келген қиындықты жеңіп, жасампаздық пен өрлеу жолында жаңа белестерді бағындырамыз деп сенемін», – деген еді. Расында да, қандай қиындық болсын халқымыз тек бірлігімен, бір Тудың астында, бір мақсат, бір мүдде жолында аянбай тер төгуімен сырт елдерге үлгі болып келеді. «Саусақ ашылса қылдырық, жұмылса жұдырық» демекші, ынтымақты ел барлық салада дамиды. Кез келген қиындықты сабырмен, төзіммен, байбаламдыққа салынбай еңсере біледі.

Тарихымызға үңілсек те сабақ алатын, тағылым түйетін дүние өте көп. Ерте дәуірдегі Күлтегін, Тоныкөк жырларын алсақ, тастағы таңбаларға назар аударсақ, бірлігі бекем елдің ырысы артық болатынын бәдіздеп кеткен. «Бек ұлдары құл, пәк қыздары күң» атанған кер заман ауызбірліктің жоқтығынан, бірі жағаға жармасып, бірі етектен тартқан алты бақан алауыздардың кесірінен орнағаны белгілі. Одан бергі заманалар үніне құлақ түрсек, тағы да бірлікте өмір сүрудің маңыздылығын ұғына түсеміз. Қорытындылай айтқанда, ынтымағымызға сызат түсірмеуге қатысты тек даналық сөздер ғана емес, жарқын мысалдар, оқиғалар да жетерлік. Ендеше, тарихтан түйер тағылым өте көп.

Айыра алмай жат өлсін,
Айнала алмай ат өлсін,
Жат жанынан түңілсін.
Бәріңіз де бір енеден туғандай болыңыз!
– деп жырламап па еді Бұқар жырау? Бір шумақ ішіне бір кітаптың жүгін сыйды- рып жіберген Бұқардың сөзі кім-кімді де ойландыруы тиіс.

Түйіндей айтқанда, қазақтың қалың тарихында жас ұрпақ санасында жаңғыртар талай ұлы дүниелер бар. Еліміздің бүтіндігін, жеріміздің тұтастығын сақтау жолында қаншама хан-сұлтан, би-шешендеріміз бен батырларымыз ерен ерлік жасады?! Олардың бәрі бүгінде тарих қойнауына сүңгігенімен ұлы істері ұмытылмақ емес. Мәселен, біз жоғарыда сөз еткен «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деген даналық Ескелді би бабамыздан қалған. Сол секілді Жолбарыс би, Қабылиса жыраудың қаншама сара сөзі ел аузында сақталып, бүгінге жетіп отыр?! Бір ғана Қапал өңірінде қазақ тарихының бар құпиясы жатқандай әсер береді. Қазіргі Ескелді ауданының Қоңыр ауылында Төле бидің бәйбішесі жерленгені жайлы деректі екінің бірі білмеуі мүмкін. Бидің Қапал батырға деген құрметі де ерек болған деседі. Қазіргі таңда ол маңда ұрпақтары қойған Қапал батырдың бюсті тұр. Тарихтан сыр тарқатсақ, таңды-таңға ұрып әңгіме айтып, том-том кітап шығаруға болады. Ойлап отырсам, осындай тарих жайлы тебіреністі әңгімелердің өзі үлкен тәрбие құралы екен ғой.

Биыл – ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Осыған байланысты Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақала жариялап, мемлекет мүддесіне қатысты қадау-қадау қазыналы ой айтты. Мақаладағы әрбір сөз жүзден аса ұлт пен ұлыс өкілдері уығын шаншыған киелі қара шаңырақ – Ұлы Дала еліне арналды. Тәуелсіздікті қорғап қалу, оны болашақ ұрпаққа аманаттау – бәріміздің асыл парызымыз. «Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті, Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек», – деді Президент.

Иә, өскелең ұрпақ тәуелсіздіктің қадірін білу үшін, ең алдымен, не істеуі керек? Ол, әрине, бабалардың қанымен суарылған, ғасырлар бойы арманға айналған тәуелсіздіктің тамырына үңілуі қажет. Яғни, тарихи санасы қалыптасқан, ойы еркін, білімі терең қазыналы азамат болуы тиіс. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы қиындықты, нарыққа үйренісе алмаған жұртшылықтың тұрмыс тауқыметін айта бастасаң, қазіргі жастар жете түсінбеуі мүмкін. Өйткені, олар 90-шы жылдардың басында әлі сәби болды немесе өмірге келмеген де еді. Тәуелсіздікпен құрдас қыз-жігіттер бүгін орда бұзар отыз жасқа толып отыр. Олар кешегі қиын-қыстау кезеңді көзбен көрмесе де, ақыл-санасымен, оқу-білімімен көңілге тоқып, түйсінуі қажет-ақ. Арғыбергі дүниені толық білмей жатып асығыс шешім қабылдайтын, орашолақ ойлайтын жастар кезігіп қалса, ол бәрімізге ортақ кемшілік. Сондықтан, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру аға буынға ортақ іс екенін ұмытпаған жөн.

Шүкір етейік, бүгінде алғыр жастардың қатары көп. Үш тілге жетік, дүниетанымы мықты, көкжиегі кең өрендер өңір-өңірде көптеп саналады. Біз олардың бар жағдайын жасап, білімін, тәжірибесін ары қарай ұштап, қанаттандыруға, қол ұшын созуға тиіспіз. Бұл орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы да ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарамауымызды меңзеп: «Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан, өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек. Осы орайда Пре- зидент жанындағы Жастар кеңесінің қызметін жандандырған жөн. Оны білікті әрі білімді жастарды жұмылдыратын жүйелі жұмыс алаңына айналдырамыз. Бұдан бөлек, мен азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынамын», – дей отырып, жаңа бастама көтерді. Жастар үшін жасалған бұл маңызды қадам да көп кешікпей өз жемісін берері сөзсіз.

Әлемді жайлаған індет жұмыр жердің ендігі беталысын мүлде жаңа арнаға өзгертті. Ем-домы табылмаған вирус арқаны кеңге салуға болмайтынын, медицина мен білім саласына, оның ішінде, ғылымды игеруге баса мән беру керектігін ұғындырды. Бұл жерде менің баса айтқым келетіні – тағы да бірлігімізге сызат түсіріп алмау. Коронавируспен күрескен бір жылдың ішінде біз небір қиындықтарды еңсеріп, адамгершіліктің, бір-бірімізге деген қамқорлықтың жарқын үлгісін көрсеттік. Мұның барлығы, сайып келгенде, тағы да бірлік пен татулықтың арқасы екені даусыз.

«Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі», – деп Мемлекет басшысы айт- қандай, ынтымағы жарасқан мемлекеттің әрбір игі ісі аршынды алға басады, көп кешікпей жемісін беріп жатады. Ол аз десеңіз, тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде елімізде қаншама межелі мерекелерді өткеріп үлгердік. Береке-бірліксіз бұлардың бірдебірі жүйесімен жүзеге аспас еді.

Осы аптада ғана өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы еліміздегі ұлттар достығын одан әрі нығайта түсті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жиында: «Ең бастысы – жеткен жетістіктерімізді көздің қарашығындай қорғай білуіміз керек. Баршамыз бүкіл қоғамның мүддесі жолында жұмыла білсек қана еліміздегі тұрақтылық пен бірлікті сақтап қаламыз. Біз Қазақстан қоғамының сыртқы күштердің әсерінен шайқалуына жол бермеуіміз керек», – дей отырып, Ассамблеяны басқару құқы- ғын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткізіп берді. Бұл сессияда да «төртеу түгел болса, төбедегі келетіні», ел бірлігі ең басты құндылық екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Қазіргі қызметіміз заң жобаларын қарау, талқылау ісімен тікелей байланысты. Сенат мінберінде осы жылдың басынан бері 40 шақты заң жобасын қарап, талқылаудан өткіздік. Бейсенбіде ғана Сенатта тағы бір кезекті заң жобасын қарадық. Бұл жолғы жұмыстың беталысы бөлек болды. Өйткені, бұл заң жобасы ел, жер тағдырымен тікелей қатысты. Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы екі оқылымда қаралды. Құжатқа түзетулер енгізіліп, заң жобасы қайтадан Мәжіліске кері қайтарылды. Осы орайда біз Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның: «Елдіктің кепілі – жер. Ол – тәуелсіз мемлекеттің және сол ұлттың бас құжаты. Ары. Намысы. Бары. Байлығы. Бөлінбейтін еншісі», – деген қанатты сөзін ұмытпай, негізге алуымыз тиіс деп санаймын.

Әркімнің өз туған жері – Мысыр шаһары ғой. Мен де жер жаннаты Жетісу өлкесін, туып-өскен өңірімді мақтан тұтамын. Туған аймағымның өркен жайған ауылдары, еңсе тіктеген елді мекендері, күнненкүнге қарыштап дамып келе жатқан әсем қала – Талдықорған сондай ыстық, сондай жүрекке жақын. Бұл өңір менің есею, өсу жолдарымның куәсі.

Жетісу – жүздеген ұлт пен ұлыстың тағдыр тоғыстырған киелі мекені. Қай ауылына барсаңыз да, түрі басқа болғанымен тілегі бір кез келген этнос өкілін кезіктіруіңіз ғажап емес. Ең бастысы, олар татулықты ту етіп, мамыражай заманға толассыз үлес қосуда. Өңірдің өркендеуі, ырыс пен ынтымақты сақтап, ауызбірлікті нығайту жолында облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Амандық Баталовтың еңбегі ұшан-теңіз. Жетісулықтарды жұдырықтай жұмылдырып, қай істе де алғы шепте жүретін әкім жұ- мысына алғыс айтушылар қатары өте көп.

Кейде туған жұртым – қазағымның мықтылығы туабітті шексіз мейірімінде ме деп ойлаймын. Қандай қиын да сындарлы сәт туса да қолындағы ең соңғы қара нанына дейін бөліп берген қазағым тағдырдың айдауымен атақонысынан ажырап, жат елге көшіп келіп, жадау күн кешкен қаншама ұлтты құшағына сыйдыра білді. Бұл да өз алдына бір ерен ерлік, жазып, мадақтап тауыса алмайтын жырдастан іспеттес.

Бүгінде облыста 71 этномәдени бірлестік жұмыс істеп тұр. Бірлестіктер облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында рухани-патриоттық бағытта түрлі шаралар атқарып, ел бірлігіне қызмет етуде. Пандемия кезіндегі жасаған қайырымдылық шаралары өз алдына бір төбе. «Түрлі жағдайларға байланысты қазақ жеріне әр кезеңде әртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қазақ халқы ешкімді жат көрмей, бауырына басты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан», – деп Мемлекет басшысы айтқандай, ортақ Отанымызға қызмет ету, Ұлы Даламызды ұлықтау ісі ары қарай жарасымды жалғасын табады.

Сөзімнің соңында барша тұрғындарды, жетісулық жерлестерімді 1 мамыр – Бірлік күнімен шын жүректен құттықтағым келеді. Іргеміз сөгілмесін, бірлігіміз баян- ды болсын, жұдырықтай жұмылып, жайлы өмір сүрейік демекпін.

Сұлтан ДҮЙСЕМБІНОВ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты

Сурет ғаламтордан алынды