"МЕНІҢ БАР ҚАЗЫНАМ - ҚАЗАҚ ТІЛІ": АСЫЛЫ ОСМАН ЖАН СЫРЫН АҚТАРДЫ

Уақыты: 01.05.2021
Оқылды: 1828
Бөлім: ТҮПСАНА

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Күнтізбеден ойып орын алған осы бір айтулы мерекені кішкентай балақайларға дейін біледі. Соған қуанамын. Кішкентай достарымыз да құттай жүректерімен 130-дан астам этнос өкілдерін құшағына сыйғызып отырған іргелі еліміздің мейірбандығын, кең пейілін, ұстанған саясатын да түсінеді, түйсіне біледі деп ұғамын.

1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл – ешбір мемлекетте болмаған саяси салмағы басым құрылым. Қазақстанның саяси жүйесінде маңызды тұтқа болып табылатын Ассамблея бүгінгі таңда барлық этностың мүддесін ортақ қазақстандық мүддеге айналдыруды, ұлттық ерекшелігіне қарамастан барлық азаматтың құқығы мен еркіндігін сақтауды қамтамасыз ететін қоғамдық институтретінде толығымен қалыптасты. Тіпті, бұл институт этносаралық мәселелерді шешудің әлемдік тәжірибесіне де еніп кетті.

Бұл мерекенің мақсаты – ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықты насихаттау. Иә, бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне шексіз қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынасты реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасы. Бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да ұстанғаны осы саясат – ешкім ешкімді кемсітіп, жолына кесекөлденең тұрып жатқан жоқ. Қалағанымызға қол жеткізіп жатырмыз.

Мен әрдайым айтып жүремін, Қазақстандай жер, қазақтай ел жоқ! Менің қаным қазақ болмаса да, жаным қазақ. Себебі, осынау кеңпейіл, текті ұлттың бар жақсысын бойыма бүлдіршін шағымнан сіңіріп өстім.

Біз Қазақстанға 1944 жылы Грузияның Түркияға шекаралас Ахалкалак деген қаласынан жер аударылғанбыз. Ол кезде мен ес біле қоймаған үш жастағы баламын. Үлкендердің айтуынша, ол кезде Қазақстанда да жағдай нашар, соғыстың халықты тұрып жатқан жоқ. Қалағанымызға қол жеткізіп жатырмыз. Мен әрдайым айтып жүремін, Қазақстандай жер, қазақтай ел жоқ! Менің қаным қазақ болмаса да, жаным қазақ. Себебі, осынау кеңпейіл, текті ұлттың бар жақсысын бойыма бүлдіршін шағымнан сіңіріп өстім.

Біз Қазақстанға 1944 жылы Грузияның Түркияға шекаралас Ахалкалак деген қаласынан жер аударылғанбыз. Ол кезде мен ес біле қоймаған үш жастағы баламын. Үлкендердің айтуынша, ол кезде Қазақстанда да жағдай нашар, соғыстың халықты тұралатқан шағы. Бірақ өзінің даласындай дарқандығы, пейілінің кеңдігімен біздің халықты жақсы қарсы алған қазақ жұрты жер аударылып келгендерге бір бөлмелі үйінің бір бұрышын ұсынып, бүтінін бөліп, жартысын жарып беріп, аман-есен бейбіт күнге жеткізді. Осы топырақтан нәр алып, біліммен де сусындап өстім. Сондықтан да біреу қазақ жаман десе, онымен сөз таластыруға бармын. Адам баласының бойында бір кесім таза ет бар, ол – жүрек, осы бір кесім ет таза болса, әлем таза болады деп түйдім мен. Сырттан келгендердің бөтенсің деп өзегінен теппей, панасызына пана, анасызына ана бола білген көңілі дарқан қазақ елінен айналайын! Сондықтан да өле-өлгенше қазақтың маған жасаған жақсылығына қайтарымым ретінде оның тілін барынша қорғап өтемін. Қазақтың қанына біткен ерекше қасиеттің бірі – артта қалғанды ілгері сүйреп, құлап бара жатқанды сүйейді, сүрініп кетіп жығылсаң, қолтығыңнан демеп, орныңнан тік тұрғызады. Мақтанғаным емес, қазақтың сол адами қасиеті маған да дарыған. Өз басым қазақты болмысынан адал, арамдықтан ада, жаны да, қаны да таза, ешкімді бөліп-жармайтын, алысты жақындататын, аразды татуластыратын, баршаның баласын жат деп жатырқамай, бауырына басатын, данышпан Абайдың сөзімен айтсақ, толық адам деп санаймын.

Өздеріңіз білесіздер, менің бар қазынам – қазақ тілі. Мен – филологпын. Ұлтым әзірбайжан болғанымен, қазақтың қадірлі қызы болып жүргенім осы тілдің арқасы. Қазақтың тілі – киелі, ал киелі тіл жүрген жерде күйе жұқпайды. Мен мектептің 7-сыныбынан кейін Түркістандағы педагогикалық училищеге оқуға түстім. Одан кейін Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтында оқыдым. Содан соң академияға аспирантураға қалып, екі жарым жылда ғылыми жұмысымды жазып, «Қазақ тіліндегі синонимдес етістіктердің семантика-стилистикалық қызметі («Абай» романы бойынша)» атты кандидаттық диссертациямды қорғап шықтым. «Қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігін» құрастырушылардың бірімін. Мен мұны ылғи мақтанышпен айтамын, ешбір түркі тілдес халықта 10 томдық түсіндірме сөздік жоқ. Бұл деген қазақ тілінің бай екендігінің бір дәлелі. Менің қазақ тілін осындай дәрежеде үйреніп, сөйлеп жүргенім, осы тілге деген ерекше құрметім сол «Абай» романындағы Әуезовтің тіл қолданыс ерекшелігін зерттеу аясына алған ерекше әсерімнен деп білемін. Менің пікірімше, Абайды, Әуезовті оқымаған қазақ – қазақ емес.

Тағы қайталап айтамын, жер бетінде қазақтай халық жоқ. Сөзі қуатты, жүзі шуақты, тілегі тұнық, ниеті ақ, ешкімді жатсынбайтын қазақ халқына барша этнос өкілдері қарыздар. Қазақ халқы бұлттан төмен болғанымен, өзгеден биік деп санаймын.

Әдетте Қазақстан халқының бірлігі күні еліміздің «достық» деген киелі бесігінде тербелген барлық этностың ұлттық мәдени орталықтары ән айтып, би билеп, жалпыхалықтық мейрамда дәстүр мен салтқа толы түрлі көрініс көрсетіп, арқа-жарқа болып тойлатып жатушы едік. Түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылатын. Былтырдан бері елімізді ғана емес, әлемді «бір тарының қауызына сыйғызып», әлекке салып қойған мына пандемияның кесірінен кең көлемде той тойлай алмайтынымыз анық. Оған, әрине, қапаланбаймыз. Себебі, халықтың амандығы, денсаулығы маңызды. Бас аман, бауыр бүтін болса, әлі талай той тойлап үлгереміз. Сондықтан бәріміз бірігіп, ниет қосып, карантин талаптарына бей-жай қарамай, сақтық шараларын қатаң сақтайық. Бірлігі бекем елге еш жамандық жуымайды.

Бір үлкен кісі келінін сынамақшы болып, жанына шақырып алып: «Келін, бізден береке кетіп барады, не істейміз?» – деп сұрапты. Сонда ақылды келіні: «Ата, оны уайым қылмаңыз, береке кетсе де ынтымақ-бірлігіміз кетпесін», – деген екен. Сол айтпақшы, осынау ұлан-ғайыр елді мекен еткен халықтың ынтымағы кетпесін, бірлігінен ажырамасын деп тілеймін. Отандастарыма амандық, саулық, бақыт, шаттық тілеймін!

Асылы ОСМАН,

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері,

филология ғылымының докторы, профессор