АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БІРНЕШЕ МЕКТЕПКЕ ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ

Уақыты: 13.05.2021
Оқылды: 1487
Бөлім: ТҮПСАНА

Алматы облысында бірнеше мектептің атауы өзгерді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың мәліметінше, Талғар, Алакөл және Ұйғыр аудандарында орналасқан мектептерге жаңа атау берілді. Атап айтқанда, бұдан былай Талғар ауданындағы №49 және №31 орта мектептер Ыбырай Алтынсарин мен әл-Фарабидің, Алакөл ауданындағы Қант зауыты орта мектебі Дінмұхамед Қонаевтың атымен аталады. Сондай-ақ, Ұйғыр ауданындағы Шарын орта мектебі Дінмұхамед Қонаевтың, Үлкен Дихан орта мектебі Заманбек Батталхановтың есімін иеленді.

Айта кетейік, жуырда дәл осы Ұйғыр ауданының орталығы - Шонжы ауылының көшелеріне тарихи тұлғалардың есімдерін беруге байланысты салтанатты шара өткен еді. Атап айтқанда, Шонжы ауылының орталық көшелеріне әл-Фарабидің, Абайдың, Кентал Исламовтың және Мұқағали Мақатаевтың есімдерін беру шарасы ұйымдастырылды.

Ағымдағы жылы Ұйғыр ауданында ономастика саласында біршама жұмыс атқарылып, аудан орталығы Шонжы ауылындағы көшелер мен мектеп, кітапхана секілді нысан атаулары тарихи тұлғалардың есімдерімен толықты. Шонжы ауылына қарасты көшелерге атау беру және оларды қайта атау мәселесі 2020 жылы қолға алынған болатын. Бұл бастама еліміздегі елеулі оқиғалар әл-Фараби бабамыздың 1150, ұлы Абайдың 175, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді.

Жергілікті қоғамдастық жиналысының дауыс беру қорытындысы негізінде аудандағы көшелерді қайта атау жөніндегі ұсыныс облыстық ономастика комиссиясының 2021 жылғы 1 сәуірдегі кезекті отырысында қаралып, оң қорытындыға ие болды. Нәтижесінде, Шонжы ауылына қарасты бірнеше көшелер – Әл-Фараби, Абай, Кентал Исламов, Мұқағали Мақатаев көшелері болып қайта аталды. Сондай-ақ, биылғы ҚР Үкіметінің (№66) Қаулысына сәйкес, Ұйғыр аудандық кітапханасына әл-Фарабидің, №4 Шонжы орта мектебіне Абайдың есімдері берілген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"