БАЛАҢЫЗДЫ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕТЕТІН СУПЕРҚАҺАРМАНДАР: ОЛАР КІМДЕР?

Уақыты: 10.05.2021
Оқылды: 1385
Бөлім: ТҮПСАНА

Бала тілінің уақытында шығуы көптеген ата-ананы алаңдататын өзекті мәселенің бірі екені жасырын емес. Ал оның шын мәнісінде таза әрі анық шығуына ықпал етуші бірден-бір фактор не деп ойлайсыз?! Әрине, ол бірінші кезекте – аудитория. Ой-өрісі енді дамып, тілі жаңадан шығып келе жатқан бала құлақпен тыңдау арқылы әр сөзді санасына сіңіріп, өз лексиконында қолданатындықтан, оның қарым-қатынас тілі таза болуы шарт. Осы тұрғыдан біз аталмыш ортаны қалай қалыптастырып, тіл тазалығына қандай жолмен оң әсер ете аламыз? Ол үшін қайтпек керек?! Талқылап, ой таразысына салып көрейік.

Бүлдіршінге смартфон, гаджет ұстатып қою арқылы тілінің уақытылы әрі таза шығуына кері әсер етенінімізді көбінде білмей жатамыз. Психолог-логопед мамандардың айтуынша, әр тілде бір мультфильм қараған бала қай тілде сөйлеу керектігін түсіне алмайды. Соның салдарынан анық, таза сөйлеу үшін ұзақ жүріп қалады екен. Ойын еркін әрі тез жеткізу үшін де қай тілде ойланатындығы маңызды. Сондықтан, балаңыздың тілі толық шыққанша өзге ақпараттарды тықпаламай қоя тұрған жөн. Отандық арналарды көруге баулып, қазақша ортамен араластыруға және онымен тек ана тілінде тілдесуге тырысқан абзал.

«Balapan» телеарнасы – Тәуелсіздіктің ең үлкен сыйы деп есептейтін аталмыш арна директоры Мақпал Жұмабай балалардың тілін қазақшалау үшін жауапты қадамдар қажет екенін алға тартады. Ұжым басшысы «Balapan» арнасы арқылы – қазақша сөйлеп, қазақша ойлайтын қазақтың сапалы жаңа буыны қалыптасқандығын айтады. Бүгінде оны ата-аналар да мойындап отыр.

– Қоғамда әртүрлі бастама бар. Латын қарпіндегі қазақ әліпбиі деп жатырмыз. Биыл «Balapan» телеарнасында соны үйрететін жоба жарыққа шыққалы отыр. Ұлттық суперқаһармандар дейміз, суперқаһармандарды жасамай, балалардың бетін қазаққа қарату өте қиын. «Balapan» арнасы бұл жұмысты жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатыр. Балаларыңыз бен немерелеріңізден сұрап көріңіз – олар қазір Айдар, Ертемір болып ойнайды, – деген ол әлеуметтік желілермен салыстырғанда арнадағы кез келген өнім психологтардың сараптамасынан өтетіндігін, яғни, баланың тілі мен ой-өрісінің дамуына зиян келтірмей, оң ықпал ететінін түсіндірді.

Осы ретте алысқа бармай-ақ өзімнен бір мысал келтіре кетейін. Телеарнадан ақ халаттылардың жұмысы баяндалған сюжетті тамашалап отырған үш жасар қызым:

– Анашым, дәрігер бетперделі батыр ма? – деп сұрады. Бұлай деуіне не себеп деймісіз? Қызым – «Balapan» арнасындағы «Бетперделі батыр» мультфильмінің тұрақты көрермені.

– Иә, бетперделі батыр, – дедім. Бүгінгі жағдайда 24 сағат вируспен күресіп жатқан дәрігерлерді расымен бетперделі батыр деуге әбден келеді. Баланың тауып айтқанына риза болып, тілінің ғана емес, расымен ой-өрісінің де дамуына «Balapan» арнасының ықпалы зор екендігіне көзім жетті.

Тағы бір ескеретін жайт, арна көрермені болған бала күнделікті қолданыстағы медициналық, техникалық, өндіріс пен өнеркәсіпке қатысты сөздерді қазақша айтып үйренеді. Мысалы, «масканы» ана тілінде «бетперде» деп айту керегін олар мультфильм арқылы меңгерді. Сондай-ақ, «холодильникті» қазақша «тоңазытқыш», «больница» дегенді «аурухана» деп атау қажеттігін түсінді. Мұның өзі үш пен алты жасар бала үшін үлкен жетістік.

«YouTube» желісін қосып беріп баланы ұялы телефонға телмірткеннен гөрі ұлттық менталитетке тәрбиелеп отырған «Balapan» арнасының анимациялық жобаларын көруге баулуымыз қажет-ақ. Ел тарихы мен ғұламалары жөніндегі сауат ашу сынды балаға алғашқы түсінік беретін бағдарламаларын да ауыз толтырып айтуған әбден болады.

Шетелдік арналарды көрсетіп, солардың мультперсонаждарына еліктетіп өсіргеннен гөрі өз табиғатымызға жақын отандық өнімді ұсыну әлдеқайда тиімді. Себебі, тіл тазалығы мен ой-өрісінің дамуынан бөлек, бала тәрбиесі мен мінез-құлқының қалыптасуына көріп, тыңдап жүрген дүниесінің ықпалы тимей қоймайды. Оны да ескергеніміз жөн.

Арна туралы пікірін білмекке мектеп оқушыларын сөзге тартып көріп едік, әрқайсының өзінің сүйікті мультфильмдері мен кейіпкері бар болып шықты. Бұл «Balapan» арнасының көрермені аз еместігін білдіреді. Мұның өзі көңілге демеу болды.

– Сабақ оқып болған соң, біз қарындасым екеуміз «Balapan» арнасын көріп, арнамен бірге ұйқыға жатамыз. Маған «Алпамыс батырдың» бейнесі ерекше ұнайды. Інілі болсам, есімін Алпамыс қойсам деп ойланып жүрмін. Бұдан бөлек, «Айдар», «Ертемір», «Бетперделі батырды» да жақсы көремін. Ал «Үйрен де, жирен», «Дұрыс-бұрыс» бағдарламалары ата-анаға көмекші болуды, әр істі тиянақты және мұқият жасауды үйретеді, – дейді Талдықорғандағы №27 орта мектеп-гимназиясының 2-сынып оқушысы Медет Арманұлы.

P.S: Бұл тақырыпты көтерудегі мақсат «Balapan» телеарнасының ретингіне ықпал ету емес. Олай деп түсінбеуіңіз қажет! Барды бар, жақсыны жақсы деп мойындай білейік. Қазақ тілінің тазалығын сақтауға, өркендеуі мен дамуына тікелей жауапты тұлға ол – бүгінгі жас буын. «Тәрбие тал бесіктен». Сондықтан, баланы ұлттық өнімге көбірек баулып, барынша ұлтжанды ұрпақ етіп тәрбиелеуге, дүниетанымын кеңейтуге тырысайық. Болашақ тіл жанашырлары таза қазақша аудиториямен қамтылған балалардың арасынан шығатындығын ұмытпайық! Балаңыздың тілі «Balapanmen» шықса, толыққанды қазақтілді, мемлекеттік тілге менменсіп қарамайтын патриот азамат өсіріп жатырсыз деген сөз.

Меруерт МОЛДАҒАЛИЕВА

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан