ТӘУЕЛСІЗДІК - ҚАРАШЫҒЫМДАЙ ҚАСТЕРЛІ ҰҒЫМ: ЖУРНАЛИСТ ТОЛҒАМЫ

Уақыты: 14.05.2021
Оқылды: 1168
Бөлім: ТҮПСАНА

«Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті, Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

Қабырғасы хан орданың уығындай, басы тәует, тұяғы жұмыр тұлпарды тақымына салып, тағдырымен егіз еткен сонау ықылым заманнан бері айбарлы бабаларымыз намысын қолдан бермеді. Алып Ер Тоңғадан бергі шежірелі ғұмыр белесіне салқамдықпен көз тастап, сырбаздықпен ой сораптар болсақ, біздің рухымыздың айнымас өзегіндей болған «еркіндік» деген арда қасиет екенін пайымдар едік. Бұл тұжырымды ұлы түркінің ата жұртында айбарымен, сесімен ғұмыр кешіп жатқан қазақ халқына қарата айтамыз. Дегенмен, біздің қансіңді тарихымыздың ұлы жазбасы тереңінен жазылып, түп-тамырымен бедерленіп бітпегені баршаға аян.

Тұғырлы тұлғалар мен замана заңғарларының ұлы шығармашылығымен сусындап өскен тәуелсіздік жастарының бойында қашанда ұлтқа, елге деген ұлы махаббат, Отанға деген кіршіксіз сезім барын азат таңның перзенті ретінде сеніммен айтықымыз келеді. Тарихтың ақтаңдақ беттерінде бедерленген оқиғалардың әрбірінің тұңғиығынан түп-төркініне дейін санамызға сіңіріп келеміз. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын оқып, ұлы құндылығымыз болған «Тәуелсіздіктің» перзенттері, егемендік жастары туралы айтқан ойын санаға салып салмақтап шыққанымыз бар.

Азаттықтың ақ таңына шөліркеп ғұмыр кешкен 70 жылда жан-жүйемізді бусандырған бір ғана аңсар, бір ғана мұрадым-мұрат тұрды. Соны біз жүрегіміздің түкпірінде құндақтап, қастерлеп, ардақтап келдік. Алып Алатаудың ұлы кеудесінен тұғыр сайлаған Алматы шаһарындағы 86-ның сеңгірінде болған Желтоқсан көтерілісі арқылы бұғаудан басымызды арашаладық. Сонда барып, езілген еңсеміздің бүр атқан шыбықтай қайта көктегенін, мемлекетіміздің дегдар жолға ойысқанын түпсанамызбен түсініп-тұшындық.

Жазуға жеңіл, айтқанға тақырып болғанымен талқысы толайым ғасырды тағы бір санада жаңғыртқымыз келіп отыр. Анталаған алып держава мен айдаһар тұрпатты мемлекеттің ортасында отырып, сол кездегі хандықтармен үздіксіз ұрыс салған алтын тақ иелері елдің қамы үшін орыстармен ымыраға келді. Сұңғыла хандардың саясатымен елдігіміз сақталды. Еркімізден айырылып, ұлы тұлғаларымыздың солақай саясат құрбаны болғаны, қанды ғасырдың қысымынан талай рет шаңырағымыз шайқалғаны рас. Алайда, рух семіп қалған жоқ! 

Алып Ер Тоңғадан бүгінге дейінгі рух өзегін сөз етіп, тауанды тарихымызды желе жортып баяндап отырғанымызбен, бүгінгі шуақты күні қуатты ел болғанымызды санаға салып саралайтындардың қатары азайып бара ма деп те алаңдайтынымыз бар. Әрине, кешегі жүйенің шынжырын шамырқанған намыс күшімен қақыратқан боздақтардың ерлігі мен өрлігін, осы бір азаттық таңын мәңгілік аңсары етіп жырлап өткен бабаларымыздың көкірегіндегі ұлы сезімін ұғынған алдыңғы буын өкілдері ұмыта қоймас. Алайда, кейбір тәуелсіздік ұрпақтары ұлы шежіреге самарқау қарап, арайлы таңның себезгі сәулесі қазақ сахарасына бұрынан төгіліп тұрғандай тұрпат танытып қалатын мезетін көргенде осылай ойламасқа шара жоқ. Ал, тамырлы тарихымыздың тәуелсіздікке дейінгі бет-бедерін  қысқаша баяндар болсақ, оның өзі жанарға жас ұялатады.

Көректі жазушы, ҚР мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Бексұлтан Нұржеке-ұлының «Әй, дүние-ай» романы бүгінде қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Сол ғажайып шығармадағы басты кейіпкер Шәйінің талайлы тағдырын алып қарасақ, ұлттың ұлы қасіретін көреміз. Орыстан бір, қырғыздан бір, өңгеден бір зорланған қазақ қызының ғұмыр сорабының аянышты болуы, басына қырық қасіреттің қатар келуі неден еді? Екі тізген, бір шылбыры қолында, еркіндігі мен еншісі жолында болған мемлекеттің ардақты азаматы осындай қысастық көретін бе еді? Әрине, басынан бағы, астынан тағы алынған, бодандықтың қамытында қағажу ғұмыр сүрген елдің ғана езгіден есі жиылмай кетеді емес пе. Ендеше, Шәйі тағдыры – адамның емес, қоғамның, ұлттың тағдыры екені анық. Сол секілді, Қарамұртан қысастық көрген Ақбілектің арының сай ішінде төгіліп, түзде аңқасы кеуіп қалғанына кім кінәлі? Жүсіпбек Аймауытов «Ақбілек» романын сол кезде ойдан құрамады. Шыңғарған шындықтың жанарына көңіл көзесін ұсынып, сығындысын қасіретпен мөлдірете суреттеді. Содан барып, «Ақбілек» шығармасы туды.

Иә, қазақтың айдай сұлуы Ақбілекті орыстың аузы түкті Қарамұрт атты офицері зорлады. Жанарға жас алып, ұлы аянышты кеудеден түлетіп отырып оқыған осы бір шығармада ұлттық трагедия жатты. Өмірден налып, тірліктен түңілген Ақбілекті жолортада шарапатқа бөлеген Диуана кейіпкер – қолынан басқа қайран келмес қазақ ұлты екенін айтпасақ та түсінікті деп ойлаймыз. Бұл шығармада да азаттығымыздың арайлы таңын бұлт күреукелеген қасіретті мезгіл, бодандық деген бұғаудағы бейшара хәліміз жатқан жоқ па? Міне, осы бір Шәйі мен Ақбілек араулардың қасіретті тағдыры арқылы-ақ қансіңді ғасырдың ажарын тани беруге негіз бар.

Қазақ руханиятына қосылған ғажайып шығармаларды біз жазушының суреткерлігімен, боямасымен, философиялық толғам, астар-қатапымиен, тосын оқиғамен, кейіпкердің талайлы тағдырымен ерекше бағалаймыз. Тарихи жазбаларды алмағанда, сол көркем шығармалармен-ақ ұлтымыздың азаттыққа дейінгі арпалыспен өткен ғұмырын тануға болады. Арудың жасы, азаматтың ары төгілген, сәбидің жөнгегі қанға бөккен қасіретті жылдардың әр парағын шұқия үңіле оқып, шамырқана жаза берсек, қасиетіңнен айналайын Тәуелсіздігіміздің әр сәтін айрықша бағалар едік.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше» – дейді аталмыш тарихи жазбасында. Рас, бүгінде азаттықтың алғашқы қарлығаштары «орда бұзар» отыз жасқа жетті. Елдің абыройын әлемдік додаларда қорғап, көк туды желбіретіп жатқан жалынды азаматтар баршылық. Саламатты мемлекетте салауатты ғұмыр кешіп жатқан сол жастардың түпсаналық түсінігінің де ерекше екеніне де шәк келтірмейміз. Дегенмен, ұлттық құндылықтар құрдымға кетіп бара жатқан бүгінгі қоғамда бабалардың рухани уызына қанып, салт-дәстүр мен тарихты жете білуі үшін жарқын жол ашылған жөн. Ол үшін бірегей дүниелерді біртұтас тұжырымға икемдеп, шежіреден тарих, тарихтан жалпықазақтық рух өзегін жасап шығу керек. Мәселен, кейбір жалынды азаматтар төл тарихымыздың ақтаңдақ болуы салдарынан, өткенге деген сенімнен ада. Ақиқат пен аңыздың аражігін ажырата алмаған, жүйелі тарих түзе алмаған жазармандардың шығармасына, тарихи деректемелеріне сол үшін күмәнмен қарап келеді. Бір ғана Есім хан баласы Жәңгір сұлтан кезеңінде болған «Орбұлақ» шайқасына алаңкөңілмен қарайтындар қатары мол. Ұлы тұлғалардың кейбірін де заманында қолдан жасап шықты деушілер де бар. Ашып айтпасақ та, ақиқаты осы.

Шындығында біз, «Орбұлақ» шайқасын тарихи жадымыздан алып тастайтын болсақ, қазақтың сан мың тұлғасының бет-бейнесін, асқақ тұрпатын, батырлығы мен қаһармандық ерліктерін жадымыздан сусытып аламыз. Қарасай мен Ағынтай, найман Көксерек, суан Елтінді, Ұзақ, албан Шоған абыздың батыр ұлдары сынды көптеген тұлғаларымыздың бейнесі күреңітеді. Сол үшін, ең алдымен ел болып тамырлы тарихымыздың тізбегіндегі жарқын оқиғаларды қалпына келтіріп, мық шегедей шежіремізге шегендеуіміз қажет.

Өз кезегінде азаттығымыздың алтын нұрлы таңының күлімдеуіне себеп болған Желтоқсан көтерілісін «көтеріліс» дәрежесінде насихаттау парыз. Күні бүгінге дейін «оқиға» деп айдарлап, сартап шежірімізге самарқаулық танытып келеміз. Бұл да тарихына алаңкөңіл болған жастардың жадында ерекше жаңғырар жол болмақ.

Жікшілдік пен рушылдық індеті іргемізден орын алғаннан бастап тарихтан алған сыбағамыз ортайып, толайым дүние тобықтай тұрпатқа төмендеді. Осы бір дүниелерден барынша жаны таза болып өсіп келе жатқан жастарды Қайрат, Ербол, Ләззат, Сабира сынды боздақтардың ғұмырымен, көзі тірі қаһармандардың сара жоымен баулу үшін әрбір дүниеде тұрақтылық, тұтастық болған жөн емес пе? Сондықтан да, біз төл тарихымыздың тізбегіндегі аңызды ақиқатқа айналдырып, тарихи шындықты өз атауымен атау керек деп тұжырып отырмыз.

Мемлекет басшысы: «...Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек» – деп тебірене жазады. Байтақ даламызда бабаларымыздың өр рухы жаңғырығып тұрған уақытта әрбір жас азамат азаттық таңның арайын маңдайынан өптіргенге шүкір етіп, Тәуелсіздіктің қадіріне жету керек. Бұл тұрғыда да ұлт зиялыларының атқарар ісі толайым. Кешегі кезең кейіпкерлері ұлттық рухы Ұлы Дала төсіне жайылған бабалардың әдеби портретін сәтті сомдай білді. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз», Зейтін Ақашевтың «Жаяу Мұса», Әлжапар Әбішевтың «Найзағай», Мұхтар Мағаиннің «Аласапран», Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң», Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз», Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» сынды көптеген классиктеріміздің романы арқылы біз ұлы тұлғаларымыздың ғұымырбаяндық хамсасымен таныстық. Боздағы ұшқан боз дадада ұлтым, ұртым деп өткен ұылылардың ұлы бастауынан шөл қандырдық. Абайды жікке, рухға таңбай ұлттық сипатта сүйдік. Шоқанды күллі қазақтың ғұлама-ғалымы деп тұжырдық. Ораз-Мұхамбет пен Әбілқайыр ханды, Қабанбайды асқақтатып, ерлігіне тағзым еттік. Дегенмен, тәуелсіздік жылдары әдебиеттегі осы бір сүрлеу қияқ шөпке шалдыға бастады.  Тұлғалар туралы романдар өмірге келмеуге айналды. Жазушылардың нарық заманында жанын күйттеп, тұрмысын түзеу үшін осындай кесек шығармаларды қайырып қойды. Бұл – тәуелсіздігімізге текті тегершік болған тұлғаларымызды тану арқылы жастардың азаттыққа деген аңсарын тереңдететін жолдың жанданбай қалуы деп айтуға толық негіз бар.

...«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, мен жастарға сенемін» деп сыршыл ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, қашанада болашақ жастарының жалындысына үміт артатын халық екеніміз аян. Ел Президенті мақаласында өзек еткен тәуелсіздіктің қадіріне жету ұлттық уызға қанып өсіп келе жатқан жастардың бойынан табылатын қасиет екенін шүбә жоқ. Оған әлемдік додаларда топ жарып, алыс-жақын шет елдерде білім алып, білігін өз елінің экономикасын көтеру жолына арнап келе жатқан Тәуелсіздіктің түлектері дәлел. Дей тұрғанмен, бидай басын сындыра жортып туған жеріне ұшыртып келе жатқан тұлпардай, біз де кейбір самарқау жастардың санасына серпіліс болар ең негізгі өзекті қамтуға тырыстық. Ол бабалардың бейнесін асқақ тұрпатта сомдайтын шежірені түзу, тарихты тұтастыру, ерлігімізге ерлік тұрпатта баға беру, өткен мен бүгіннің арасын жалғаған ұлы құндылықтарымызды ұлт болып насихаттау деген сынды ең ұлы жобалар! Сонда ғана сынаптай сырғыған уақытта алмасып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасар ұрқымыздың өзегіне, қанына сіңер қасиеттің тұма бастауы – «Тәуелсіздік» болары анық. Ал, толғаным соңында тәуелсізік тудырған жас азамат ретінде айтарым, сан ғасырлы толғақтан туған Тәуелсіздік – қарашығымдай қастерлі ұғым деп танимын!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы